Өлеңдер ✍️

  26.07.2022
  101


Автор: Медет Дүйсенов

СӘБИДЕН ҚАШҚАН СҰЛУ

Қарттар сені қылсам деді келінім,
Жастар, сірә, болса дейтін серігім.
Кердеңдедің ешкімді де көзге ілмей,
Көргендердің жаулап алдың көңілін.
Сылаңдаған сұлу едің, бір керім,
Қызық қуып, өтіп жатты күндерің.
Уайымның уын ішті ата-анаң,
Күндіз ұйықтап, түнде жортып жүргенің.
Көп құрбылар қылғанымен сені ұмыт,
«Семірген бе, мына сұлу?» - деді жұрт.
Қапелімде қалды аяғың ауырлап,
Қапаландың жеп жатқандай жегі құрт.
Бәрі ғайып, саған деген «ғашықтың»,
Жүрген бірақ сенде жоқсың жасып тым.
Азаппенен босандың да құпия,
Нәрестеден құтылғанша асықтың.
Баланы емес, ойладың тек бас қамын,
Көшедегі бір тасаға тастадың.
Селт етпеді сезімі жоқ жас жаның,
Мөлтектеді көзден жасы басқаның.
Көріп қалып, шыдай алмай жылаған,
Көршің еді... көршің еді бұл адам.
Мінәжат қып күндіз-түні құдайдан,
Сағынышпен бір шарана сұраған.
Іңгәлаған ұлды барып алады,
Бауырына қысты сүйіп баланы.
Омыраудан шыққан уыз иістен,
Иіп сала берге сынды анары...
...Ұшып-қонып қағындың да етектен,
Құмарлықтан алқынады екі өкпең,
Көйлек киіп жүргеніңмен көлеңдеп,
Ей, сұлуым, бар ма айырмаң көкектен?
Ол да бірақ тәрк етсе де ана атын,
Балапанын басқа ұяға салатын.
Ең болмаса ой түспеді-ау сол ғұрлы,
Бұл дегенің, қорлау әйел санатын...
...Түсті есіме ескі оқиға баяғы,
Аяушылық жанға тамыр жаяды.
Қайдағы бір құс туралы болғанмен,
Ол да бала тағдырына саяды.
Сәуле-шашу шашқанда күн уыстап,
Шомылғанда аппақ нұрға пүліш бақ.
Дарқан дала дидарына сүйсініп,
Тұрған едім таңғы ауада тыныстап.
Жан ұшыра «қыт-қыттаған» дыбыстан,
Елең еттім, арылып жай тұрыстан.
Қарағанша-ақ, ұрты толы бір мысық,
Бұқпантайлап зытып берді бұрыштан.
Сескентердей тауық сұсы кім-кімді,
Желке жүні тікірейіп ұмтылды.
Жүрегімді біреу жұлып жатқандай,
Болып кеттім осы сәтте бір түрлі.
Қала берді қара тауық шырқырап,
Дәрмені жоқ бір жүгіріп, бір құлап.
Ал балапан жауыз ала мысықтың,
Кетті аузында, қауырсыны бұрқырап...
...Қиналмай ма қылмысыңнан жан арың,
Балапандай құны жоқ па баланың?!
Ұрпағы үшін басын тігіп ұмтылған,
Тауық құрлы болмадың-ау, қарағым.
Қалса да аман, жетпей сәби ажалы,
Мысықмінез кейпің алды-ау мазаны.
Мынау жарық дүниені көрсетпеу...
Әй, білмеймін, бұдан сұмдық жазаны.
Сөз өтер ме шолақ ойлы шіркінге,
Шуақ емес, шұнақ аяз - күлкің де.
Ел бетіне қарайсың-ау ұялмай,
Келбетіңе мақтанасың бұл күнде.
Жарға жығар жеңіл жүріс ермегі,
Өміріңнің ойлылық қой өрнегі.
Бәрі зая, парасатың болмаса,
Сұлулығың сұрықсыз боп көрінеді.
Бабаларың бауыр еті санаған,
Бекер, бекер қашасың-ау баладан.
Әлемде бұл, сұлулық жоқ асатын,
Құшағына сәби құшқан анадан!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу