Өлеңдер ✍️

  26.07.2022
  70


Автор: Медет Дүйсенов

ҮШ АТТЫ КҮЙМЕ

Шақтарда шабыт билеген,
Түсіріп ғажап күйге өлең.
Ұшыртып бара жатамын,
Үш атты жеккен күймемен.
Қосылып өмір көшіне,
Жүйткимін желдей есіле.
Ақ ұлпа қардың тозаңын,
Көтеріп аспан төсіне.
Шарладым, алға құлшынып,
Шалғайын жердің қусырып.
Тұлпарлар шапты, фтанаудан
Будақ та будақ бу шығып.
Арайлы бір нұр төгілді-ай,
Белестер аттың жонындай.
Із қалып жатты соңымда,
Өлеңнің егіз жолындай...
Сынақ тұр күтіп сан алда,
Құштарлық шөлі қанар ма?!
Дариға әлем сымбатты,
Тұрды ғой жайнап жанарда.
...Күлмегін достым, күлмегін,
Ат жегіп, күйме мінбедім.
Пегасқа қонған сәттегі,
Қиялым еді бұл менің.
Самғайды өмір биіктен,
Келемін тынбай жүріп мен:
Үш атты жеккен күймедей –
Махаббат, Арман, Үмітпен




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу