Өлеңдер ✍️

  26.07.2022
  94


Автор: Медет Дүйсенов

МЕН – КӨШПЕНДІМІН

Апыр-ау, қалай тынам, тоқталамын,
Көшпендімін, көшпенді боп қаламын!
Асау қаным арындап арғымақтай,
Ей, дүние,
Мен саған көп қарадым!
Ырғалады үлбіреп өскен гүлім,
Бүр жарады өлең боп кешкен күнім.
Жүрегімнен сезім мен ойға оранып,
Ақ қағаздың бетіне көшкен жырым.
Бала бүркіт биікте көрінеді,
Шүйіледі, білмеймін нені іледі?
Түйдек-түйдек сырғыған көктегі бұлт –
Түйелердің шұбырған керуені.
Ақша бұлттар бұлқынып ағылады,
Сері самал сыр айтып сабылады.
Кеңістікте осынау кереметтей,
Кезіп кеткен жоқ іздеп – бәрі, бәрі.
Көшпендіміз, сірә кем неміз, баба?
Қозғалыста аспан да,
Теңіз,
Дала...
Жүйрік жел мен жүйрік ат туыстырған,
Табиғат пен қазағым – егіз бала!
Аралама әлемнің қай тарабын,
Көшпенді ізі жатыр деп айта аламын.
Бейбіт күннің бесігін тербетеді,
Байқоңырдан шырқаған байтақ әнім.
Арман қуып дариға-ай, көптен бері,
Есті қанша кеудемнен көктем лебі.
Ой орманын шарлаған көшпендімін,
Сөз сиқыры жетелеп кеткен мені!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу