Өлеңдер ✍️

  26.07.2022
  73


Автор: Медет Дүйсенов

Бір күні әкем боранда...

Бір күні әкем боранда,
Әкелді құйттай құмайды.
Саяттап кейін сонарда,
Серік қыл деген сыңайлы.
Ақ күшік маған ыршыды,
Қуанып кеттім күрт түлеп.
Түймедей қара тұмсығы,
Иіскелеп алды түрткілеп.
Таптым-ау деймін тұспал ат,
Атадым оны Лашын.
Болсын деп ұшқыр, құс қанат,
Көсіле жазар құлашын.
Ақ құмай өсіп жетілді,
Аң кетпес көзге ілінсе.
Ақ жұлдыз аққан секілді,
Болатын бейне жүгірсе.
Күмістен соққан қарғыбау,
Көз тояр еді кескіні.
Серпінді күшке тән мынау,
Шығыңқы алға төстігі.
Ақ құйын тазы құйғытып,
Аңменен талай арбасты.
Беріштей шымыр күй бітіп,
Бес рет биыл қар басты.
Көрінген болар ажалға,
Тынымсыз, тазым із кесті.
Тайынша сынды тажалға,
Бетпе-бет ақыр жүздесті.
Осынау алып арланмен,
Тіресіп қалай тұра алмақ?!
Қашпады, келіп қалғанмен,
Жұлқысты, жауын жұмарлап.
Қасқырдың өлі денесін,
Сығымдап әбден, жайпапты.
Іздеген жандай демесін,
Қыңсылап кенет, жай тапты...
...Өмірде мынау мұңаймай,
Қайғыға тұрсын кім шыдап?!
Өксіген сезім, құмайдай,
Жатады-ау іште қыңсылап...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу