Өлеңдер ✍️

  26.07.2022
  76


Автор: Медет Дүйсенов

ҚАДІР ТҮНІ

Қадір түні... сүт саулап, ай-анардан,
Нұрға ғашық – өмірді аялар жан.
Қарсы алдымда тұрғандай Қыдыр ата,
Жапырағын жаныма жаяды арман.
Көңіл деген жүгірді зырлап құмай,
Үкілеген үмітім үн қатты ма-ай.
Бір қуаныш күтемін беймағұлым,
Жанарымды арбаған жұмбақ түн-ай...
Жұмбақ түн-ай киелі қасиетті,
Жолатпашы пендеңе қасіретті.
Қадір түнін күзеттім кірпік ілмей,
Сезім селі кеудемде тасып өтті.
Тек жақсылық, жақсылық жүгінгенім,
Шындық-сәждем бас ұрар, бүгін менің.
Бисмилла хи-рахмани рахим,
Көкейдегі ойымды күбірледім.
- «Сұраймын, жайып тұрып жүрегімді:
Ұрпағымды, Ұлтымды, Ұлы елімді,
Бақыт қана құшсыншы құшағына,
О, тәңірім! Қабыл ет тілегімді,
О, тәңірім! Қабыл ет, тілегімді!?..»




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу