Өлеңдер ✍️

  26.07.2022
  50


Автор: Медет Дүйсенов

НАЗ

Махаббат деген бір ғажап өмір деседі,
Гүлдеді жаным, кенеттен көрдім де сені.
Шағала сезім шарқ ұрып самғады саған,
Қайтпасын, қалқам, ынтыққан көңіл меселі.
Самалды қырдың саумалдай сабатын жұтып,
Елестеп көзге, кездерің алатын күтіп.
Ақ бұлақтай асығып теңізге құяр,
Таушықтан ылғи жетемін тағатым бітіп.
Құшағына алса аялы жанарың күлген,
Бейкүнә уыз бейнеңді саламын жырмен.
Жаңбырсыз өткен жаздарым жабырқатса да,
Ағыл да тегіл нөсердің жауарын білгем.
Жауарын білгем, сенгенмін уақытқа анық,
Жүрсем де талай адасқан бақытқа налып.
Мойылдай бейне, мөп-мөлдір шыққа малынған,
Тебіреністен жанарды жақұтқа малып.
Қол созып күнге келешек құлшынасың ба,
Тіршілік өзен толқыны тыншымасын да.
Білегіңді емес, сәулем-ау, жүрегіңді ұсын,
Мәңгілік менің жарым бол, жүрші қасымда!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу