Өлеңдер ✍️

  26.07.2022
  106


Автор: Медет Дүйсенов

БАЛАЛЫҚ ПЕН ДАНАЛЫҚ

Талайға таңсық, таңмын ба?
Жетпегем жасқа жөн білер.
Бүкшиіп белі, алдымда
Тұратын, сұрау белгілер!
Сүрінбес жерде, сүрініп,
Қысылмас жерде қысылдым.
Содан соң барып сыр ұғып,
Содан соң танып, түсіндім.
Жамандық деген немене?
Жақсылық қандай, жағымды.
Мөрлерін басты өреме,
Көргенім ашты – танымды.
Қатем бар қанша, қарашы,
Ағалық жаста ұғындым.
Аспан мен жердей арасы,
Кешегің менен бүгіннің.
Есейіп ерте, сездің бе,
Біреулер бәлкім, кеш ұқты?!
Даналық келген мезгілде,
Балалық ашқан есікті!
Тұрсыншы күліп баладай,
Қоңырау үнді, сол күнің!
Артыңа жүрме қарамай,
Танымас қыздай төркінін.
Жүрсем де толғап тереңнен,
Табынтар, жастық-тұнық таң...
Даналық жақсы, дегенмен
Балалық шақты ұмытпан!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу