Өлеңдер ✍️

  26.07.2022
  88


Автор: Медет Дүйсенов

ЖҮРЕК СЫРЫ

Апа, саған сыр айтам, мұң шағынам,
Бір ананың шығып ек құрсағынан.
Басқа ұяға қонсаң да, бауыр жайлы
Тас қияда тербеліп тұрса бір ән.
Келіп тұршы қыс демей, күзің демей,
Үміт жібі арада үзілмегей.
Аялаған аяулы ата-ананы,
Еске алайық бір сәтке біз үндемей.
Еске алайық, апатай, бәрін-бәрін,
Сені күтіп жетеді сарылғаным.
Құт дарыған киелі шаңырақта,
Көлін құшқан аққудай дамылдағын.
Жайдары жүз мейрімді, жаның ізгі,
Баурап алсын туыстық әні бізді.
Жадымызда сақталған сүрлеуменен,
Шарлайықшы балалық шағымызды.
Шүкір дейік, жеткізді бүгінге арман,
Қос жанармыз – бір қыз бен бір ұл қалған.
Ерте солған еңселі бәйтеректің,
Қос шыбығы едік қой бүрін жарған.
Келін болдың бір елге сен кенеттен,
Қызғалдақ шақ, апыр-ау, келте неткен?!
Елегізіп жүрсің бе есіңе алып,
Елігі едің үйімнің еркелеткен.
Көркің екен қашан да кемелдігің,
Келе қалсаң шаттыққа кенелді інің.
Қойып кетер «тәте» деп құшағыңа,
Балаларым ұмтылып менен бұрын.
Апатайым, тел өскен тетелесім,
Өмір мынау бізден де өте ме шын
Тілейтінім, әйтеуір сен аман бол,
Жарық күндер жарылғап жетелесін.
Салады әжім мезгілдің бұла күші,
Жиендерім жаныңның жұбанышы.
Сен тоқыған әдемі алашадай,
Көзді арбайды тірліктің қуанышы.
Көрмей жүру өзіңді – маған қайғы,
Жүрек созып қолдарын саған жайды.
Амал болып қалыпты-ау көрісетін,
Апамды ойлап көңілім алаңдайды...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу