Өлеңдер ✍️

  26.07.2022
  103


Автор: Медет Дүйсенов

ЖАЛҒЫЗДЫҚ

Ай да жалғыз аспанда, күн де жалғыз,
Серік іздеп шақырар түнде байғыз...
Мен де жалқы ұл едім жанұяда
Дүниеде жоқ дейсің, кімде жалғыз?!
Жалғыздық-ай, жалғыздық... Жалбыз-мұң-ай...
Ұзақ ғұмыр сәлемін алғыз дұғай!
Күзгі талда қалған бір жапырақша,
Жел өтінде отырып, жалғыз мұңай...
Құшағынан көрінген кең даламның,
Жалғыз өркеш, топтағы, мен де нармын.
Жалғыз Алла жаныма жар болсыншы,
Шоқжұлдыздай көктегі бір жанармын.
Бір жанармын түбінде, деп келемін,
Өміріме келмейді өкпелегім.
Бұтақтарым бүр жарып бара жатыр,
Тамыр жайып тереңге көк терегім.
Жүрем аңсап, ініні, ағаны да,
Кім, осынау жанымды алады ұға?!
Көнем, көнем...қозыдай көгендегі,
Тағдырымның бұйырған таланына.
Үстелімде жанып тұр жалғыз шырақ,
Сол шырақтай қаламын жалғызсырап.
Жауабынан дәмелі жаратқанның,
Жанарымда жатады жалғыз сұрақ...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу