Өлеңдер ✍️

  26.07.2022
  92


Автор: Медет Дүйсенов

ЕСЕП

Жарандарың, оралманың – есепте,
Жаралғаның, жоғалғаның – есепте.
Артық, яки, кем алғаның – есепте,
Ең ақыры, демалғаның – есепте.
Есеп керек: маған, саған, оған да,
Есепсіздік – піспей қалған көк алма.
«Өз күніңді өзің көр» деп отырған,
Өгей бала сияқтысың қоғамға.
Есеп, есеп... ауыртып жүр әр басты,
Жұлқылайды, жер иіскетпей жамбасты.
Ернеуінен асып кеткен есебі,
Жынды Байлық жағаларға жармасты.
«Есек» дедік, ебі жоқты есепке,
Еңбегін жеп, атқыладық кесек те,
Білеміз бе, жауыр болған арқасы,
Қаншама біз қарыздармыз есекке?!
Бас айналып, бұл тірліктен – бәдәуи,
Мезі болған, мызғып кетер сана-ми.
Толған дүние, қалта-бөлмелеріне,
Саудагерден айнымайды анау үй.
Ежірейіп қарайды көз-терезе,
Ашкөздік-шөл, кептіргендей кенезе.
Шындық сұрап алу қиын жүз пайыз,
Саудаң үшін, бірді екі ету – ереже!
Жабығыңқы, жаным неге жақ аштың?
Көріне ме теңеулерім оғаш тым?!
Жатқандай-ау, санап жапырақ-теңгені,
Саусақ сынды бұтақтары ағаштың.
Сатылмайтын, аяулы, пәк сезімдер...
Базарға әкеп салды оның өзін де ел.
Қаракөзді жатса Доллар құшақтап,
Сол есептен, мүмкін бе енді безінбеу?!
Есеп жайлы қаулайды өрт-өсектер,
Иланбасаң, қоламтасын көсеп көр.
Бір ақшаның екі түрлі бетіндей,
Елеңдетер екі жүзді есептер.
Қу құлқынның қайтара алмай меселін,
Қуысында, бұрышында көшенің.
Торғайларға бас салатын мысықтай,
Ептілікпен аңдып отыр есебің.
Ұқсайды ғой, теңдік-туыс өлгенге,
Бармайды ауыз, бай мен жарлы тең деуге.
Есебінің жібермейтін есесін,
Нарық-жігіт көнбейді оған, өр кеуде.
Байи берші, күніңді көр пайда ғып,
Бірақ, алға арыңды ұста, айна ғып!..
...Көпек иттей, алды-артымды айналып,
Ей, есебім, бара жатсың қайда алып?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу