Өлеңдер ✍️

  26.07.2022
  68


Автор: Медет Дүйсенов

ЕБЕЛЕК

Биыл қырға қаптап кетті ебелек,
Ала жаздай ақ жауын-нұр себелеп.
Жер жарықтық жыр ұқтырды-ау жүрекке,
Сұлулыққа тұнып тұрды-ау не керек!
Танымай-ақ қалғандайсың тамызды,
Көктем болып алғандайсың жаны ізгі.
Жел үп етсе қозғалады ебелек,
Домаланған кірпікшешен тәрізді.
Бұлағай боп кетті айнала бір күні,
Құс жүніндей бұрқырады қыр гүлі.
Салған дерсің, біреу алып сүргіні,
Ебелектер жаңқаша ұшып, сырғыды.
Долы дауыл сұрапыл ғой, сірә да,
Жусан біткен тапжылмастан тұр о да.
Тұра қашқан қоян жүрек ебелек,
Бұғып қалды терең сайға, жыраға.
Бұл өмірдің қатаң сыны бір бітпес,
Мәңгі бақи құшағында мүлгітпес.
Тайыз тамыр тұрақсыздар, ешқашан
Туған жермен бола алмайды кіндіктес!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу