Өлеңдер ✍️

  26.07.2022
  232


Автор: Медет Дүйсенов

БАЛАЛАРЫМ-БАҚЫТЫМ

Жүріп келем тасқын тірлік жолында,
Бақыт оты билеп ыстық бойымда.
Мейлі, қайда жүрсем – дағы, бәрібір,
балаларым тұрады ылғи ойымда.
Бұлақ болып ағылардай бұла жыр,
Ғажайыпқа зер салайық мына бір.
Түспейді екен жайдың оты ешқашан,
Тіршілігін тоқтатпайды лавр.
Білсе екен деп өмір нарқын бағалай,
Күдік-маса, алып жүр-ау мазаны-ай.
Құлындарым, ғұмыр кешің шаттанып,
Жоламасын қайғы деген нажағай.
Жанарымда іркілетін кепті шық,
Уайымым көбелектей кетті ұшып.
Қартайдым деп қалай ғана айтармын,
Көктеп тұрса бұтақтарым көк құшып.
Раушаным, Лаурам ғой – қос Гүлім,
Көңілімнің білдіретін хоштығын.
Гүлдей жайнап өссінші деп құлпырып,
Мейірімімдей ақ шуағын тосты күн.
Күндер мені қарттықпенен қорқытпаң,
Жанарымда тұра бермек толқып таң.
Батырбегім, Арнабегім, Мейірбек,
Еділбегім сүйеп тұрса қолтықтан!
Тағдырларың даңқ әкелсе сендерге,
Өздеріңмен бірге өрлеймін мен де өрге.
Жүректерің жанартаудай жалындап,
Махаббатың маздап тұрсын – жерге, елге!
Қуаныштың құсы дәйім қонсын кеп,
Мен тілеймін бар жақсыны, жол сілтеп.
Жаны асыл, мәңгі жасыл, мызғымас –
Тек лавр ағашындай болсын деп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу