Өлеңдер ✍️

  26.07.2022
  71


Автор: Медет Дүйсенов

ЖҮРЕКТЕГІ ЖҮК

Алаңдап жүрем, бір үміт жанарда жанып,
Жүрегім, жайлы төсегін табар ма мамық?!
Қырғын аңсаған қылығы күнәһарлардың,
Көкірегіме тікендей қалар қадалып.
Өтеді сынды, дәуірдің өткеріп көші,
Сабырға қол бер, сезімім текке елікпеші.
Табиғат-Ана құшағын ұмыт қалдырып,
Қара бас қамын құнттап біз кетпедік пе осы?!
Жарылыстардың көтердік азабын көніп,
Балқашым менің барады базарың кеміп.
Қоңыр қаз сынды көңілім, қона алмай жүр-ау,
Айдыны қайтқан Аралдың ажарын көріп...
Ұясын салса ұлағат, ұғар құлаққа,
Жыр тұнған жаным қол созып тұрар мұратқа.
Жұлқынған желдер назымды жеткізіңдерші,
Бұлқынған мұны айтатын шығар бұлақ та.
Толғандырдың қашанда ұлы елім мені,
Ашық болғай деп тілеумен жүремін көгі.
Замандастарым, жүздерің күндей жайнаса,
Жүгім жеңілдеп қалады жүрегімдегі!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу