Өлеңдер ✍️

  26.07.2022
  77


Автор: Медет Дүйсенов

ЕРКІНДІК

Өзіңізге тиді міне еркіңіз,
Қуаныштың шарабынан ішкен көп.
«Еркіндік!» деп, аспанға атқан бөркіміз,
Ұшып кеткен, әлі жерге түскен жоқ!
Иә, жерге түсіре алмай әуреміз,
Қарап тұрмын аң-таң қалып мен енді.
Білдірерін білмейміз бе, әлде, біз,
«Қазақ» сөзі – «еркін адам» дегенді!?
Білесің бе, қалды әнеки боқтықта,
Бодандықтың буындырған ноқтасы.
«Оразаң да, намазың да – тоқтықта»,
Ой дүрбісін салайық бір, тоқташы...
Жасқану ма? Жыласаң да жоқ енді!-
Жолда қалған әлдеқашан шаң қауып.
Өңештері жыртылғанша «өлеңді»,
Додабастар айтып жатыр, зарлауық.
Айналды да іліп түсер қармаққа –
Жезөкшенің сояу-сояу тырнағы.
Ышқырлығын ұстай алмай, арды аттап,
Бозбала жүр, ерлік істей қылғаны...
Жолын тапқан жегі құрттай, жұлынға,
Еркіндікке бауыр басты есірткі.
Соқыр тиын құн қалмаған сұрында,
Неге адам өзіне-өзі өшікті?!
Қиналамын, баба салтын тартардай,
Қасиетсіз қылықтардың құрдымы.
Қиядағы киелі анау арқардай,
Биіктерден көргім келді құрбыны.
Ойдан-қырдан тауып алып өрісін,
Келеді әлі, қылмыс-қаншық күшіктеп...
Қабықтайын сыпырып ап терісін,
Тігетін кез жетті-ау деймін, ішік тек!
Жайын аузын ашқан күйі, құтырып,
Қазынамды қарақшылар тонауда.
Ау құрғанмен, шортандары сытылып,
Шабақ қана ілінеді сол ауға...
Түсіп кетіп, жын ойнағы – тасқынға,
Есі шыққан еркіндіктен, ой, Алла-ай!
Қапелімде тап болғандай қасқырға,
Кейбіреулер қашуға бар қояндай.
Сайрап жатыр тілім-тілім мұң ізі,
Көңілімнің шарлап шыққан қиырын.
Бұқа сынды еркіндіктің мүйізі,
Тыныштықтың түрткілейді бүйірін...
Адамшылық, азғындық пен екі ара,
Бірін-бірі кетпеуі үшін төркін ғып:
Саған да бір керек екен шекара,
Әй, еркіндік, айналайын еркіндік!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу