Өлеңдер ✍️

  26.07.2022
  70


Автор: Медет Дүйсенов

МҰҚАҒАЛИДЫҢ ХАТЫ

Тұрып едім өзіңмен хат алысып,
Еске түссе, жанарда жатады шық.
Жұмбақ сырлы жырменен жолыққанмын,
Үмітім мен күдігім қатар ұшып.
Құшағына қысқандай елжіреп күн,
Шаттығына бөлендім мен жүректің.
Ақындығым барлығын айтып аға,
Үмітімді үкідей желбіреттің!
Жазып келем мен әлі, жаз деп едің,
Жаным, сірә, осыған мәз бе менің?
Қинайтыны – қаншасы ғұмыр кешер,
Айтып берер ақтарып, аз ба өлеңім?!
Жыр-тұлпарың заулайды, тағасы аман,
Әлі күнге тәнтімін, аға, саған!
Суырып ап кітапты сөредегі,
Жырыңды оқып толқиды бала-шағам.
Сайрап жатыр соқпақтай санамда өлең,
Сен сияқты сырласам даламменен.
Сақтап келем хатыңды кие тұтып,
Ықыласың бар онда маған деген.
Қара өлеңнің шыққанда қиясына,
Дүниеден өттің-ау тым асыға.
Қаңтардағы қарға адым күн секілді,
Ерте батқан алаулап ұясына.
Ақ көңілім қиялға сенеді ғой,
Оңашада кейде бір келеді ой:
Шабыттанып, Қарасаз жаққа қарап
Сенің өлең жазғаның жөн еді ғой!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу