Өлеңдер ✍️

  26.07.2022
  100


Автор: Мырзатай Болат

ҚАДІР ТҮНІ

Заһарды жұттым өлгенше –
Қырыққа жасым келгенше...
Талай нәрсені бүлдірдім


Шалалығымды білдірдім!..
Қыз-келіншектер тиісіп


Жасымда жүрдім сүйісіп...
Олардың бәрі өткінші


Қайрылмай солай кетсінші!..
Жарты орыс болған оңа ма?..
Ұстаған жоқпын ораза...
Жыр төксем-дағы қағазға...
Жығылған жоқпын намазға!..
Мақтанып, аузым көпіріп...
Айтпадым, бірақ, өтірік!..
Көлденең дәулет жимадым


Адалдық болды иманым!..
Болғанмен әзіл-қылжағым


Қиянат жанға қылмадым...
Көтеріп туын шындықтың –
Сөйледім сөзін мұңдықтың!..
Жаман мен жақсым тең емес,
Білемін, мұным жөн емес!..
Тайлағым да сол, нарым сол –
Пенде емеспін бе, барым сол!..
«Жақсылық көрсем - өзімнен,
Жамандық көрсем - өзімнен».
Жоқ еді ашу-аразым –
Қалтылдап тұр ма таразым?..
Болыпты, міне, түн жарым...
Өзіңнен тілек қылғаным:
Рахымы шексіз кең Алла,
Не көрсетсең де – ырзамын!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу