Өлеңдер ✍️

  26.07.2022
  68


Автор: Мырзатай Болат

ЖАРТЫ ЖАН

Болғаны ма күнәм қалың?..
Шырқау шыңға шыға алмадым!..
Не болғанын біле алмадым...
Іште қалды жүз арманым!..
Белгілі ғой сыры маған –
Бұл аурудың түрі жаман!..
Сол қолым бар – суымаған...
Оң қолым бар – жылымаған...
Оң жақ көзім, оң құлағым –
Нашарлығы болды мәлім...
Қаным ұйып, болдырамын –
Тамырларым тоңдырамын...
Былдыр-былдыр тілім – жарты...
Ұмытшақпын – миым жарты...
Боп-боз болған түрім – жарты...
Домбырасыз үнім – жалқы!..
Кем-кетігім «түгенделіп»...
Бостан – босқа күлем келіп!..
Сәл нәрсеге жылаймын да –
Тоқтай алмай жүрем кеміп!..
Ойда жоқта инсульт соққан!..
Аман қалдым ажал-оқтан!..
Қара қоңыз емеспін бе –
Дүние боғын домалатқан?..
Мен сорлыны жақта, Құдай!..
Үсті-үстіне атпа бұлай!..
Балаларым жастау еді


Жарты жаным сақта, Құдай!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу