Өлеңдер ✍️

  26.07.2022
  92


Автор: Мырзатай Болат

ОҚ

Әлдебіреу - Әлдекімге оқ атты...
Ойлауынша: «Мүлт кетпеді – дөп атты!..»
Әлдекімнің қисаймады мұрты да –
Жұрт шулап жүр: «Жазықсызды неге атты?..»
Әлдекімнің – артық еді өнері,
«Жазығы» сол – алтын еді өлеңі!..
«Оқатқыштың» іштарлығын білетін –
Содан шығар, салқын еді сәлемі...
Әлдебіреу тағы-тағы оқ атты!..
Қаны қайнап – үсті-үстіне боратты!..
«Нысанаға» дарымады бірі де –
Кіл соқыр оқ берекесін жоғалтты!..
Әлдекімнің – көкірегі кең еді!..
«Аққа – Құдай жақтығына» сенеді!..
«Бас мергеннің» кім екенін білсе де:
«Анау – олай, мынау – былай» демеді!..
Әлдебіреу - Әлдекімді көп атты...
Тебеді енді босап қалған қорапты!..
Атқан оқтың жоғалмапты бірі де –
Қайта айналып Өзін тапты – омалтты!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу