Өлеңдер ✍️

  26.07.2022
  57


Автор: Мырзатай Болат

ТЫНЫС

Аспанын қаңғырлатып –
Сәуір тұр жаңбырлатып.
Кемпірім бүкеңдейді –
Шелегін шалдырлатып...
Балалар – ойынқұмар
Шапқылап, тойын қылар!..
Жағаны көтереді –
Шоңжелке – мойындылар...
Көгім бар – шүленсіген,
Жер- Анам күреңсіген...
Ит біткен үй айналып –
Қағады сүмең-сүмең...
Сайлардан құламалы


Жұлқынып су ағады...
Сілкініп бұтақтары –
Қарағаш жұбанады.
Ақ жаңбыр – қара жаңбыр...
Жанымды аралап жүр!..
Ыс басқан жүрегімді –
Нұрымен тазалап жүр!..
Дегенде: «Үзілді үміт!»-
Тұр, міне, жуындырып!..
Ішімде еріп жатыр –
Сұп-суы мұзым күліп!..
Пәлен күн төніп-төніп,
Құйды да төгіп-төгіп...
Шаршаған тамшыларым


Барады сөніп-сөніп...
От сиреп бұлт ішінде –
Айналды бүркісінге...
Тіршілік шөлін басқан
Аспаным нұр-пішінде!..
Түтілген жабағы – бұлт
Салмайды ала бүлік...
Керіліп кемпірқосақ –
Басқұрын қалады іліп!..
Табиғат оянарсың –
Сұлудай боянарсың!..
Менің де өлеңімнің –
Құмайы қоян алсын!..
Тіршілік, түрленерсің!..
Өлгендер – гүлдеп өлсін!..
Бер, жаңбыр, күнге кезек –
Шілдеде бір келерсің!...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу