Өлеңдер ✍️

  26.07.2022
  66


Автор: Мырзатай Болат

ЕКІ АДАМ

(Орақ Байғалиевқа)
Мен деген – мен емеспін!..
Өзіммен – ерегеспін!
Мен деген – қайшылықпын!..
Қып-қызыл төбелеспін!..
Демеймін: «Жеке адаммын»...
Мен деген –екі адаммын!..
«Екеудің» ортасында,-
Жүгірген есалаңмын!..
«Екеуі» керіседі,-
Айқайға еріседі!..
«Менімді» көкпар қылып


Беріспей - өліседі!..
Тебеді зілдей қылып,
Түтеді жүндей қылып!..
«Екеуі» қабақ ашса –
Отырам күндей күліп!..
«Мен! Мен! Мен! Мен!» - дейсіңдер,
«Төрт жағым тең!» дейсіңдер...
Адамдар білесің бе,
Сендер де мендейсіңдер!..
Сендер де екі адамсың:
Төлеген – Бекежансың*!..
«Екеудің» тұтқынында...
Білмеймін, не табарсың?..
Мен деген – мен емеспін!..
Сен деген – сен емессің!..
Тұрамыз от пен судан –
«Екеуге» телі емес Кім?..
Сіз бен біз – кім боламыз?..
Арпалыс – жыр боламыз!..
Арпалыс тоқтағанда –
Шашылып, күл боламыз!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу