Өлеңдер ✍️

  26.07.2022
  77


Автор: Бірғали Байекеев

СҮЙІНҚАРАНЫҢ СЕМСЕРІ немесе Махамбеттің Сүйінқарамен Хиуадағы кездесуі.

БЕТАЛЫС
Атырау-Жайық аймағы
Сөзінен сусап, пұлдайтын,
Әзіреттен ант ішкен
Ақынын шексіз тыңдайтын,
Сертін екі қылмайтын,
Тұяғы алтын тарлан боз
Тұнжырамай сардиса,
Тоқтау таппай зырлайтын,
Үгітілген боркемік
Сылбырлады сындайтын,
Күміс мылтық қолға алған
Батырларын жырлайтын,
Келіспесе тұрмысы
Сауық-сайран құрмайтын,
Қауышқанда құшақтар
Қабақ түйіп тұрмайтын,
Жалғандыққа жаны қас,
Көмейге келсе кесір сөз
Таңдайы, кеуіп құрғайтын.
Ата қоныс жеріне
Аттандап сырттан жау келсе,
Қара бұлттай күркіреп,
Құландайын дүркіреп
Қарақұрым көп халық
Қылыштарын шыңдайтын,
Жауын жеңбей тынбайтын.
Жарқыратып маңдайын,
Тақылдатып таңдайын,
Жүрек жұтқан жандайын
Бұлтқа жетпей сынбайтын.
Найзаларын толғатып,
Кірпік ілмес жол қатып
Жаудың сырын ұрлайтын.
***
Жығылмас ақ туы бар
Қайтпаған кектің уы бар
Елі қалып барады,
«Қымыздағы күректей
Сонасы қоңыр үйректей»
Жері қалып барады,
«Шортандары бақандай,
Бақалары атандай»
Көлі қалып барады.
Құт қонысы құлыптап,
Зорлық қылған халқына
Жауы қалып барады.
Аптап соққан дауылдай,
Нөсерлеткен жауындай
Дауы қалып барады.
Хан билерден торыққан,
Сатқындықтан қорыққан,
Жолбарыстай жорытқан,
Ұзақ жолдан зорыққан
Батпан білек батырым
Хиуаға шыққанмен
Қауіп алып барады,
Құпиясы сан тарау,
Сорабы ұзын мың тарау
Із бен соқпақ, жолдарды
Тауып алып барады.
ХИУАДАҒЫ КЕЗДЕСУ
Күн бұлтты.
Сұлбасы бар сынық айдың.
Жел тымық..
Монтияды тұнық айдын.
Тоқал там жағадағы жатағандау
Панасы
Би ақсақал Ыбырайдың.
Қасында қос серігі-Берік, Рүстем,
Болаттай мұқалмайтын ерік-күшпен.
Жеткен соң жұмбағы көп Хиуаға,
Махамбет осы жерге келіп түскен.
Әлдекім ашып кірді дарбазаны,
Сияқты саяқ шыққан қыр қазағы.
Денесі шомбал тартқан ұсқынсыздау,
Жүзінде сынағандай тұр мазағы.
Сүзеген бұқадайын әлем-жәлем,
Ісі жоқ басқаменен, сәлемменен.
Бұрылып жан жағына қарамайды
Дегендей «теңесемін әлемменен».
Өзгені менсінбеді, көзге ілмеді,
(Бейтаныс, бейуақытта сездің нені?)
-Қайсыңыз Өтемістің Махамбеті?
Дегені келгенінде сөздің деңі.
Махамбет деді «кімсің» сауалшыға,
Еш үн жоқ екіленген хабаршыдан:
-Өзіңді Сүйінқара күтіп отыр,
Таусылды мырзаңыздан тәмам шыдам.
Хабаршы көлігіне қонған екен,
Аты да иесіндей шомбал екен.
Жырығы ерінінің тілім-тілім,
Жорықта қандай жазым болған екен?!
Бұтында қайып тіккен құлын жарғақ,
Быртиған саусақтары, жырым-бармақ.
Көн беті көрт түйенің табанындай,
Селт етсең, секемденсең, сырыңды алмақ.
-Білген соң батырыңа сенерімді,
Жеткіздім, айналайын, дерегімді.
Махамбет шын ниетпен атқа мінді,
Қасына қос жолдасы ере жүрді.
Ұзады он шақырым атты сапар,
Қалды артта ақ мақталы, бақты шаhар.
Ну жыныс, қалың қопа, шошаланың
Ішінде үрей тұнып, жатты қаhар.
-Міне, осы аялдаған шошаламыз,
Көңілде кектестік жоқ, дос арамыз.
Түсіңдер аттарыңнан алаңдамай,
Ақ жүрек туыстықпен қош аламыз.
Деп күлді жол басшысы қалбалақтап,
Ілесті арт жағынан қалғаны аттап.
Ошақта түнді жалап от маздайды,
Отырған қара дәудің дамбалы аппақ.
Келгендей ертегінің мысалынан,
Қолында ұшқын шашып пышағынан.
Иегін ұзынтұра қағып еді,
Көп сарбаз шықты түннің құшағынан.
Кемі жоқ зыр жүгірген қолбағыстың,
Сияқты тұрғындары мол қамыстың.
Кісінің қыран қабақ табанына
Терісі төселінді жолбарыстың.
Қарады айбарланып алып адам,
Жоп-жорта түр байқатты танымаған.
Келгеннен үшеу болып жөн сұрады,
(Жігерді азамат па жанымаған?!)
Батыр ғой Махамбет те мәрт тілекті,
Орынсыз дегізбеді қатты кетті.
Сұрады кім екенін шақыртқанның,
Тойдырды тәтті тілмен қарт жүректі.
Сүйінқара сөйледі:
-Әр таңды ізгі үмітпен атыртамын,
Кездескісі келгенді шақыртамын.
Құшақтап көрінгенді көріспеймін,
Атандай аярларды бақыртамын.
Түбекте иесімін кең даланың,
Жетпеді орыстарға емге амалым.
Жұрт үшін бейнетті өмір кешіп жүрген
Адайдың бір құдайы мен боламын.
Жұрт айтады:қадірлі,
Жанға жайлы мақам деп.
Сыртымнан маған арнапты,
Беріштен шыққан Махамбет.
Қысқа толғап көрейін,
Биіктесін мерейім.
Мақтау жырдың бас жағын
Өзім айтып берейін.
«Белгілі туған ер едім,
Беліме садақ асынған.
Біріндеп жауды қашырған,
Мен келелі қара бұлтпын
Келе жаумай ашылман.
Жаратылған дүлеймін
Найзағай мен жасыннан».
Жауап қатты емендей ер:
-Сол Махамбет-мен!
Білгеніңіз жөн.
Жанды шүберекке түйіп,
Ел үшін күйіп
Жәңгірге тарттырған күйік,
Хан, билерден биік,
Еліне сүйік,
Жүретін басын иіп,
әрқашан көтеріңкі иық,
ініңіз де –мен!
Айыңыз да- мен!
Күнінің де- мен!
Сүйінқара орнынан тұрды. «Пай-пай, бар екенсің-ау, сабазым!» деп сом тұлғалы Махамбетті құшырлана құшақтады:
Ұятты көрсе именген,
Жаманды көрсе жиренген,
Жақсыны көрсе жадырап,
Қобыздайын күйленген.
Еншіні артық алмаған
Ел аузына тигеннен.
Жастайынан жебе ұстап,
Сырғауыл атып үйренген,
Қырғауыл атып үйренген,
Қынды қылыш белінде,
Сүңгілі найза қолында,
Ерлігінен сый көрген,
Беріштің ақ сұңқары,
Шығарсың Қыдыр үйге енген.
Жат өлкеде жүрсең де
Сый-сияпат жасайын,
Бата қылып сойысқа,
Құлжанның етін асайын,
Өзіңменен сырласып,
Теңіздейін тасайын.
Түн түндігін желпітіп,
Өлең-жырға басайын.
Ақ пісті. Қолға су құйылды. Махамбетке бас тартылды. Беріш жігіттері құрметке белшесінен батты. Қос батыр ұзақ әңгімелесті. Махамбет Исатайдың дос ниетті сәлемін жеткізді. Сүйінқара Махамбетті сұлтандардың сұмдықтарынан, Аллақұлдың айлакерлігінен сақтандырды. Қазақ-орыс атамандарының әккі қимыл-бағдарын баяндады.
Шыға келді көкжиекке таң дарып,
Махамбет тұр ақ семсерге таң қалып.
Балдағында-өрнектері ғажайып,
Қалды мұны Сүйінқара аңғарып.
Жас үлкейді, талай бел мен қыр асты,
Кексе батыр сілтеп- сілтеп құлашты.
Ақ семсердің жүзінен от ойнатып,
Қасындағы Махамбетке сыр ашты:
-Жақында мен жандаралдан хат алдым,
Жазғандары жанға суық, қатал тым.
Жауабым сол-«жауықпасын орыстар,
Ал жауықса, келмес әсте жата алғым».
Деген сөз бар кектескенге жалынба,
Аллақұлдай илікпеймін залымға.
Кенже ұлымды зынданға сап өлтірді,
Күресемін дәрменімнің барында.
Туған жерге қалса деймін тән-денем,
Жауларымды жеңген сайын әлденем.
Ел тілегі әуелден де бір мақсат


Адайларға керек емес хан деген.
Махамбетжан, көрдің жаудың талайын,
Уәдемді мен де беріп қалайын.
Қиын шақта хабарыңды тез жеткіз,
Аямайды бар көмегін Адайдың.
Бүркіт біткен алғыр бола бермейді,
Кейбіреулер айтқаныңа көнбейді.
Қиын шақта Хиуада кездескен,
Ұмытпаспын ұлық тұтар сендейді.
Сапарыңда сәтсіздікке жолықпа.
Қартайды деп мені бекер торықпа.
Алтын қынап семсерімді сыйлайын,
Серік болсын қол бастаған жорықта
Қош бол, Махамбет інім!
Махамбет Сүйінқараның бүкіл ерлік шежіресін арқалап бара жатқандай нақақ қан тимеген наркескенге ауық-ауық, айызы қана қарап қояды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу