Өлеңдер ✍️

  26.07.2022
  117


Автор: Бірғали Байекеев

ТӘУЕЛСІЗДІККЕ ТӘУБЕ

Еңсесі биік ел-жұртым
Ұл-қызын ер ғып жаратқан
Ұлан кеңістікті ұстайын
Ұғынықты ұрпақ таратқан
Есептеп беріп еншісін,
Еркінше түлік санатқан.
Далаға байтақ дән қадап,
Сапырып астық қамбадан,
Алтын түс бояу жалатқан.
Көңіліндей бейне адамның,
Уәжін айтып заманның
Құлқына көпті қаратқан.
Қиянатсызды қыспаған,
Ұлағаттыны ұштаған,
Кісіні білген қабақтан.
Сыйластықты қош көрген,
Ниеті жөнді дос көрген,
Ас ішкен бірге табақтан.
Өзгеден өзін кем көрмей,
Дүмбілзердеге дем бермей,
Көрінген көркем санаттан.
Еңсесі биік ел-жұртым!
Төл түндігіңнен айналдым,
Серпінді үніңнен айналдым,
Еркін күніңнен айналдым,
Еркіндігіңнен айналдым!
Ақылсыз біткен құр басқа
Бақыттың құсы қонбайды.
Салауат тірлік тұрғын
Саналы пікір солмайды.
Тәуелсіздік-қиын жол,
Сүрінсең, әсте оңбайды.
Еркіндіктен айрылсаң


Бәрінен де сол қайғы.
Тәңірімнен сұранам


Кездестірмесін ондайды.
Еңсесі биік ел-жұртым!
Он жыл толған бақытың
Мәңгілік енді болғай-ды.
Деп ақының толғайды,
Топ алдында толғатып,
Туралап тілек жолдайды.
Ақ тілекті деген бар
Алла да жақтап қолдайды.
Пендешілігі болмаған
Пендесін әділ қорғайды.
Еңсесі биік ел-жұртым,
Өзің барды жырымның
Гүлдері тіпті солмайды.
Ажары ашық айбарлым,
Төл түндігінен айналдым,
Серпінді үніңнен айналдым,
Тағы да тәубе! Жар сала
Еркін күніңнен айналдым,
Еркіндігіңнен айналдым!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу