26.07.2022
  505


Автор: Бірғали Байекеев

Афоризмдер

Биліктің бәрі шың емес,
Үйіктің бәрі құм емес,
Қауыздың бәрі гүл емес,
Аңыздың бәрі шын емес.
Суықтың бәрі күз емес,
Дымқылдың бәрі сыз емес,
Қатқанның бәрі мұз емес,
Ащының бәрі тұз емес,
Көптің бәрі біз емес,
Біз болам десең тізе қос,
Бірліктің парқын сөз еттім,
Мұнымды ешкім түземес.
***
Қозғалыс қой сергітері мидың да,
Құлдилаумен қанат ширар тұйғын да,
Қимыл деген күш береді адамға,
Тірлігіңде тыным таппай қимылда.
***
Қырға шықсаң, күй таңдама,
Қоналқаға үй таңдама,
Дала сырын ал ұғынып,
Қиындыққа қиқаңдама.
***
Інілер бар ардақтап «ағалаған»,
Еңбегіңді ескеріп, бағалаған,
Ездері де жоқ емес, тұлпар мінбей,
Жылқы орнына есекті тағалаған.
***
Қанағатқа таусылмайтын тұр мерей,
Ынсапсыздық иті іште үрлемей,
Деп жүрсің-ау, айналайын, ағайын,
Барға тойған аштан қалып жүрмегей.
***
Тұрмыс түзе бәзбіреуге бас ұрмай,
Көбеңсісең, байлық көбейт тасынбай.
Бағытыңа болса сенім-керемет,
Шүбәлансаң, шындығыңды айт жасырмай.
***
Жақсы әзілден қалар дімкәс сауығып,
Ал жаманын алмас тіпті жан ұғып.
Тәтті әзілден дос болмайды дұшпаның,
Қатты әзілден кетер досың жауығып.
***
Дүниеге шектен шығып құнықпа,
Пәле қума «сылтау іздеп сыныққа».
Өзімшіл жан өзін ғана біледі,
Соқа басы отырғандай құдықта.
***
Мал бақ десе, қарадайын қорқасың,
Тамақ десе, ең алдымен жортасың.
Теңізге шық, бар жұмыстан жерінсең,
Қайық мініп, балықтың іш сорпасын.
***
Жақсы жаманды жармастырмайды,
Әйел адам малдас құрмайды,
От қасында жанбас тұрмайды,
Ақылды білім алмастырмайды.
***
Сылбырлық-қарынның тоқтығы,
Тоя ішу-ақылдың жоқтығы.
Семірді, денесін май басты,
Ал қазір дәрісіз жоқ күні.
***
Арғымақ мінген жаяуды білмейді,
Ашынған адам аяуды білмейді,
Асыққан жолаушы баяуды білмейді.
***
Жұбын таппау-өмірдегі ол қайғы,
Бас қосқанды құдайым да қолдайды.
Дара жүру Жаратқанға жарасқан,
Жалғыз адам әсте бүтін болмайды.
***
Өзің ұғын, зияның ба, пайдаң ба,
Кірсең егер еңбек деген майданға,
Барыңды сал, аялдама, аянба,
Бітіріп алып жұмысыңды сайранда.
***
Жүрме бекер айғайлатып, ұран сап,
Тірлігіңде төзім күшін тұр аңсап,
Маңдай термен тапқаныңды місе тұт,
Ешқашанда байымайды сұрамсақ.
***
Ащы сумен араз болсаң жарадың.
Көңілің көктем, жадырайды қабағың,
Ішімдікті ілкі бастан тұтынба,
Ақ сайтан ғой тұнып тұрған арағың.
***
Мейлі сырт кет, туған жерді тұғыр ет,
Өскен жұртың-орны бөлек құдірет.
Ең төтесі туған үйге барар жол,
Болсын мейлі бұралаңы мың рет.
***
Жанар керек әсемдікті ұғуға,
Көз тойдырып, құмарынан шығуға,
Сұлулыққа сұқтанады бар адам,
Соқыр ғана сүйсінбейді сұлуға.
***
Оған бәрібір су жаңа ма, көне ме,
Қызметі өнбейді ме, өне ме,
Жаңалыққа құлағын да түрмейді,
«Быт-быт» етіп, аумай қалған бөдене.
***
Аңғармайсың асыл жатсын іргеңде,
Күлесің көп бәзбіреулер күлгенге,
Шын жақсыны ажырату қиын-ақ,
Адам тану-асқақ ғылым білгенге.
***
Жалқау жасиды,
Желкесін қасиды,
Пысық ширайды,
Жігерін жинайды.
***
Байлар балақты,
Жаулар жарақты,
Нарықта есің жи,
Аластат арақты.
***
Адамшылық алға бастар қайда да,
Үйірсектік көптен бөлер айлаға.
Құм мен тас та бір кәдеге асады,
Адамсың ғой, жарап отыр пайдаға.
***
Сағынғанмен қайратың мол кезіңді,
Жеңіл ойға жетектетпе сезімді,
Егдерген соң еріншектік ендетер,
Қимылдауға зорлап көндір өзіңді.
***
Жүрек-ащы, болсаң егер жазалы,
Ащы жауап терең сырды қазады,
Ащы біткен зиян бола бермейді,
Ащы дәрі дертті емдеп жазады.
***
Болған соң адам, алдымен түзе сәуеңді,
Аузынан шыққан аталар сөзі әуелгі,
Тұлғаңа қарап кеудеңді керме құр бекер,
Түсіне білсең, тән деген жанға тәуелді.
***
Жан-жағың жанжал, от шашып жатыр бұрқылдап,
Қайраулы қанжар, көрінер жүзі қылтылдап,
Әлсізді әлді табанға салып жаншуда,
Қырқысу бітпей дүние қалай құлпырмақ.
***
Кінәсізді бекер даттап, тілдейміз,
Момын жанды жуас көріп жүндейміз,
Қулығы асқан пысықайды дәріптеп,
Айыбымыз-ақылдыны білмейміз.
***
Қарғайды биік-биік дегенмен,
Мықтылығы артық емес еменнен,
Қызметте сапа болсын десеңіз,
Бар жұмысты бастау керек төменнен.
***
Жол жеңілі жемісті емес, сенсеңіз,
Ақыл-тоқтам ойлатпайды он сегіз,
Сана толып, дана болып шығасыз,
Бейнет пенен қиындыққа көнсеңіз.
***
Өмір кейде қайнап жатқан қан базар,
Алғандайсың көңілге нұр, жанға нәр,
Бұл өмірде кейде жүйрік тосылып,
Шабандаған атаққұмар алға озар.
***
Дейді маған: «Ел аузында жүр атың»,
Атақ емес-өмірдегі мұратымҮш төрт ауыз сөз қалдыру артымда,
Тоқсан жылдық тәрбиеге тұратын.
***
Іс қыла алмас әйел заты еркектердің орнына,
Ал еркектер әйелдердің үйлеспейді орнына,
Жүргендер бар екі арасын ажыратпай, елемей,
Бұлар өңшең арланбайтын, ұялмайтын сорлы да.
***
Жібітпес таңдай, шырыны кетсе құрғақ бал,
Болмаса бабы жарамас жолға мінгі аттар,
Өмірдің мәні-өзіңді өрге тартуда,
Өскен соң талпын, емессің сәби құндақтар.
***
Бір әйелді күйеуіне ақша ғана байлаған,
Ақша көрсе, екі көзі ұшқын атып жайнаған.
Бір әйелдің тыным таппай күнде соры қайнаған,
Еркегі үйде жұмыс болмай тілін тістеп, шайнаған.
Кейбір әйел «кісілік» деп көп ішінде сайраған,
Қулық сауып, ақша тауып, ауызданған айладан,
Енді бірі отбасында туындатып байбалам,
Жоқ нәрседен сылтау іздеп керісуден таймаған...
Шындық осы қоғамдағы көрінгендей айнадан,
Өзгеруде адам құлқы, өзгеруде айналаң,
Ең бақытты болар еді ар-намысты қайраған,
Туса ғана әйелдердің тілегіне сай заман.
***
Ғаламда мынау ғажайып сұлу қымбат бар,
Тылсымы терең жұмбақ бар іші мың қатпар,
Болған соң қымбат бір күндік сәуле тірлікте,
Деген ғой шалдар: «Жасыңда ойнап бұлғап қал!»
***
Жігіт едім ұялшақ, қызыл құлақ,
Құлағымнан кетпейді ызың бірақ,
Іштен тынып, үндемей жүрсем-дағы,
«Достарымның» тілдері ұзынырақ.
***
Сыр алдыртқан талай дұшпан, жауызға
Мұң кешіп жүр тығылғандай қауызға,
Есепсіз сөз өкіндіріп тынады,
Әбден керек бекем болмақ ауызға.
***
Топасқа көп ақылдың жоқ керегі,
Дәлелдеп, жөн айтқанды жек көреді.
Жақсы әдет сәуеліге жетіп жатыр,
Жанына таусылмайтай от береді.
Әуелден жат тоймақ, толмақ, тасынбақ,
Кез-келгенге бола босқа шашылмақ,
Жүрегімнің алтын құлпы тек қана
Ақниетті достарыма ашылмақ.
***
Өссе мерей тоқмейілісіп, мастанба,
Жалғыз ұшқан биіктемес аспанда,
Ойың кемел, қанша дана болсаң да,
Көппен кеңес келелі істі бастарда.
***
Ұстамсыздар көп кешеді қорлықты,
Көтермейді үстемдік пен зорлықты,
Жөн-жосығын ажыратып, байыппен
Ие болса ашуына сол мықты.
***
Әкімсіз ел құлазиды,
Ақынсыз сөз құлазиды,
Дақылсыз жер құлазиды,
Аққусыз көл құлазиды.
***
Адам жаны сүттей аппақ көгершін,
Жасымайды жолықса да нелер сын,
Қарап тұрсақ, кемшіліксіз пенде жоқ,
Күнде күнә жасайтынға не дерсің?!
***
Сыртымнан тонын пішіп, қарататын,
Біреулер бар өсек сөз тарататын.
Ит секілді келемін ренжімей,
Жалап жазар тілімен жарақатын.
***
Арайына аппақ болған таң ,\ғашық,
Жас перзентім талпынады алға асық,
Үміт, сенім алдамасын, құлыным,
Жатқан саған тамырымнан жалғасып.
***
Біреулер бар орынсыз даттап жүрер,
Енді бірі көзіңше мақтап жүрер,
Маған аян олардың пиғылдары,
Деген бар ғой: «Мал жайын баққан білер».
***
Күншіл өлер күйіктен,
Көріне алмас биіктен,
Жүрмес арсыз қысылып,
Кеми берер кісілік.
***
Болмайды артық бір Құдайым бергеннен,
Үлгі шығар үлгіліге ергеннен,
Астамшылық-жанның соры арылмас,
Көкірегің қарыстай-ақ кергенмен.
***
Өз-өзіңді қор тұтып, аласарма,
Жақын бол татулық пен жарасарға,
Орынсыз ренжітпе қандасыңды,
Өмірге дақ, көңілге жара салма.
***
Қаракетсіз бола алмайды халқың бай,
Өмір сүру мүмкін емес алқынбай,
Сондықтан да құстай ұшқан уақыттың
Қадірлейік әрбір сәтін алтындай.
***
Жерге қонар қыран да,
Қанша ұшқанмен аспанда,
Төмендесең жыланба,
Биіктесең мастанба.
***
Ақылды бала ата-ананың,
Айтқанын дұрыс көреді,
Ақылсыз бала ата-ананың
Айтқанын ұрыс көреді.
***
Көрмесе де күндесе күле жүрсең,
Қабақ шытса көңіліңе гүл егілсе,
Өскеніңе өкінсе дұшпандарыңТез қартаяр себеп сол біле-білсең.
***
Сәттілікпен басталса қадамдарың,
Сезінесің ақыл-ой, санаң барын,
Бұл жалғанда бағыңды жандыратын
Айнымайтын сертінен адал жарың.
***
Бір күндері жарыларсың ісінесің,
Пәлеқордың мойныңа алма ісін сен,
Бейтанысқа сырыңды айтпа құпия,
Жарымеске жақындама түсінсең.
***
Шатты-бұтты, жалған бөскен көп шығын,
Шырғалаңнан шығарады тек шының,
Көке мылжың килікпеске килігер,
Көрінеді көп көзіне жексұрын.
***
Жалғыз шапқан жауынан жараланар,
Жалғыз кеткен жат елге сараланар,
Жас әйелге үйленген жеңілтек шал,
Қайғы шегіп, қадірсіз дара қалар.
***
Өмір жолы бірнеше сатылы екен,
Бұл фәни өте шығар ғапыл екен,
Қияметтің күні алыс қарап тұрсаң,
Бәрінен де ажалың жақын екен.
***
Тартсаң-дағы тағдырдың сан дүресін,
Қалсам дейсің өмірде үлкен үлесім,
Бар азапқа қиналсаң да білдірмей,
Әрбір күні күлімсіреп жүресің.
Бейғам кісі отырады ай қарап,
Сабырсыздың уәдесі тайғанақ,
Жағымпаздың күні түссе біреуге,
Лас жерін сүюге бар аймалап.
***
«Қандай керім көздерім,
Таласы жоқ өзгенің,
Тіл өтеді түріме,
Сосын күннен безгенім,
Сосын түнде кезгенім»,-
Депті байғұс жарқанат.
Бұл бір мысал доым-ай,
Құлағыл сал шошымай,
Жарқанат боп сайрайды,
Кейбіреулер осылай.
***
Қарлығаш ұясына қайта келер,
Бай өнер жасу тартпас, байтақ өнер,
Жақсы ақын жазған сайын сүйсіндірер,
Тапшы ақын бір айтқанын айта берер.
***
Қолдан келсе, қолғабыс ет досыңа,
Шама бермес іс тап келсе, шошыма,
Бар күшіңді сарқа жұмса аянбай,
Уақытыңды құр жіберме босына.
***
Дейсің маған «Жомарт болып ерлердің,
Таба алмадым қылығыңнан емге мін».
Күйің жетсе, сыйлығыңды аяма,
Қайтып келер қарыз болып бергенің.
***
Жұпыны өмір өте шығар жүдеумен,
Тұрмыс, тірлік оңалмайды тілеумен,
Қапелімде тарықсаң да ақшаға,
Бере алмасаң қарыз алма біреуден.
***
Көздің жасы су емес ағып тұрар,
Жылы жүрек құрғатып, сауықтырар,
Құлқын үшін қиянат үкілетсең,
Ең жақын досыңды да жауықтырар.
***
Азабымның иті көп арпылдаған,
Өсек сөздің оты жоқ шарпымаған,
Ұлым-жұлым жүрегім, үстім күйік,
Болған сайын егесіп, қарқын алам.
***
Үнемі уайыммен жүрсең қауіп,
Кірбіңді сейілтеді ойын-сауық,
Кемді күн кедергіге жүнжу бекер,
Болғанмен тағдыр-сырқат, уақыт-тәуіп.
***
Ар-аппақ,
Дақ түссе, кетпейді,
Ой-жүйрік,
Ештеңе жетпейді.
***
Досымменен қаттыға барыспадым,
Дұшпанымнан үн-түнсіз алыстадым,
Екеуі де аз екен айналамда,
Бәрінен көп көз көрген таныстарым.
***
Келме өмірге қонақ болып тым жеңіл,
Өзіңдейге жалбарынба, иікпе,
Құлата алсаң қиын іске шын көңіл,
Шығарады сені шырқау биікке.
***
Біреуге байлық қайғы, бұта қайғы,
Жалынсыз үрлесең де тұтамайды,
Барында жастығыңның өнер үйрен,
Өнерің өмір бойы жұтамайды.
***
Суайттың алдауына нана көрме,
Бұл тірлік әлі талай салар өрге,
Тер төгер тауқыметін тіршіліктің,
Қиын деп қатарыңнан қала берме.
***
Құр мақтанға елікпе, құр бекерге желікпе,
Қу тілдіге алданба, құр мансапты малданба,
Құр сайранға қызықпа, қол ұсынба бұзыққа,
Жікшіл жанға жуыспа, жөнін айтқын туысқа.
Болмашыға тырыспа, үйір болма ұрысқа,
Құр жаманға жалынба,
Жігеріңнің барында жанған оттай жалында!
***
Берілсең беріл қиялға,
Ұялмасқа ұялма,
Ұялмасқа ұялсаң,
Қаларсың әбден зиянға.
***
-Ашудың кетпей ырқына,
Бұғалық салу қиын-ақ.
-Ашу да керек кей кезде,
Кететін дұшпан «сыйын» ап.
***
-Досың кім сенің?
-Болжаман.
-Дүниеде сол жаман.
-Сенің ше?
-Адамдар адалдықты қолдаған.
***
Ащы суға алдандың,
Есің кете құмартып,
Солай өтсе қалған күн,
Өле қалған мың артық.
***
Жігерсіз жүрер ұдай алаңменен,
Ақындар жазар өлең қаламменен,
Қоңсы қон басқалардың барлығымен,
Алайда көрші болма сараңменен.
***
«Бұтақтан бұтақ шығар бұраңдаған,
Сұлудан сұлу туар сылаңдаған».
Мынау кім құбыжықтай ұсқыны бар,
Орнында тайғанақтап тұра алмаған.
***
Көрінбейтін ешбіреу маңайынан,
Аумай-тұғын дүздегі жабайыдан,
Кім мынау үсті-басы алба-жұлба,
Күзі ерте көрінген самайынан?!
***
Кейбір дүмше молдалар,
Тастамайды құманды,
Жолының бәрі тұман-ды,
Ісінің бәрі күмәнді.
***
Сыбайың
болса жақсы күн-айың,
Көршіңменен ұрыспа
болса егер Құдайың.
***
Қиын істен қорықпа,
Шектен шығып зорықпа,
Зорықсаң да, мақсаттан,
Күдер үзіп, қорықпа.
***
Тірлігін кешіп келем жалғаншының,
Бітеліп көмейім мен қалғанша үнім,
«Ақиқат, ақиқат» деп арпалысам,
Өшірем өтіріктің жанған шамын.
***
Қарасам, ағалар бар алтын панар,
Сөзіне құлақ қойсаң, мейірің қанар...
Ішінде ағалардың жаманы бар,
Тыңдаған әңгімесін естен танар.
***
Үйің –қамал, қорғаның,
Балаң-самал орманың,
Бөлінбес жартың
ол-жарың.
***
Құдайыңа да сенбейді,
Құдасына да сенбейді,
Өзіне де сенбейді,
Ешкімнің айтқанына көнбейді.
***
Жалғыз деме,
Жанымды түсінер жұртым бар,
Әлсіз деме,
Тоқты қошқардай тұрқым бар.
***
Өнерліні күндеме,
Өнерсізге үндеме,
Талапкерді міндеме,
Момын жанды жүндеме,
Біреуді бекер тілдеме.
***
Тіршіліктің шын сезініп тәттісін,
Өмір сүру-әр адамға қатты сын,
Мәнді өмір-ішіп-жеу мен той емес.
Мәңгі өмір-сәнін тапқан сәтті ісің.
***
Шүкір ынсап - қанағаттын қазығы,
Тәулігіне бір үзім нан- азығы,
Аз жегеннің ауруы да аз болар,
Ашқарақтың астан болар жазымы.
***
Баққаның шаруада түлік болар,
Үй сәні асыл жиһаз, мүлік болар,
Жан – жүйең кісіліктен адал болса,
Байлығын ойран – ботқа, бүлік болар.
***
Кей кезде қара болар ақ дегенің,
Жоғалар ізім – қайым тап дегенің,
Қарап тұрсаң, өткінші көрген түстей,
Көктемгі бұлт сияқты бақ дегенің.
***
Тірлікте төс қағасын, ұрандайсың,
Ән – күйсіз сауық – сайран құра алмайсын,
Жисаң да дүниені тең-тең қылып,
Байлықты байлап ұстап тұра алмайсын.
***
Бағбанды бауда көресің,
Батырды жауда көресің,
Дәукесті дауда көресің,
Арқарды тауда көресің.
***
Жамағат жақсы адамды бас қылады,
Үміт қып үлкен міндет тапсырады,
Аңдыған абайсызда қас қылады,
Ауру да түнге қарай асқынады.
***
Жетпесе де дегбірсіздің шыдамы,
Еске тұтсын мынаны,
Асығыстық арандатып тынады,
Қапылған іс қате болып шығады.
***
Тіке айтудың түкке де жоқ керегі,
Аңқау адам не айтсада сенеді,
Қасқыр менен қасқыр болған қауіпті,
Айлаң жетсе арыстанда көнеді.
***
Мадақ болар үлкеннен де жастан да,
Төбең жетер тәтті сөзден аспанға,
Халқын қолдап шың басына жетсен де,
Құрметті көтере алмай мастанба.
***
Көкке апарар армандарды аңсаған,
Көк келтірер шуақ пенен таң сәнін,
Болмашыға қалғып кетпе тойынып,
Сабырлы бол өскен сайын мансабың.
***
Өлсең-дағы ар-намысты саттыртпа,
Ішің берме дүшпан менен жат жұртқа,
Сырт адамның пиғылына түсінбей,
Дандайсыма атақ пенен дақпыртқа.
***
Неге керек құр жағыну, асатпақ,
Бағы тайса арт жағынан тас атпақ,
Қартайған соң қабілеттен қайран жоқ,
Жасарыңды жас кезінде жасап бақ.
***
Әдепті жан үлкенге басын иер,
Еңбекқор жан табысты тасып үйер,
Құр ақылды естіге айта берме,
Көп қайнаған қазанның асты күйер.
***
Шыдамды от жандырар шоқты үрлеген,
Тау бұзар жігер-күшін өткірлеген,
Ағайын жаттан жаман жырақтағы,
Үйіне бір-бірінің көп кірмеген.
***
Жарқырау Айға жарасады,
Жомарттық байға жарасады,
Саналы сөзбен санасады,
Пейілді жоққа қарасады.
***
Мойыма мойыны жуан жасқағанға,
Мәз болма молдан үлес тастағанға,
Жұмыста жалтақтамай өзіне сен,
Бәрі қиын жұмысты бастағанда.
***
Жарымайсын бөліп берген жартыдан,
Құлан көнбес бұғалыққа тарпыған,
Халал малдың азық болар барлығы,
Арам малдың азап келер артынан.
***
Жалқау іске ерінер,
Билік қолға тисе де,
Сұлу сұлу көрінер,
Көне киім кисе де.
***
Батыр қол бастайды,
Ұстаз жол бастайды,
Ақын жар бастайды,
Наурыз жыл бастайды.
***
Ақын щындық өмірдегі мазасыз:
Соғыс біткен жай өтпейді қазасыз,
Жақсылықтар жарылқайды адамды,
Құр кетпейді жамандықтар жазасыз.
***
Барлық бәле басқа келген арақтан,
Тәуелді етіп тек өзіне қаратқан,
Харам астың қатері көп артында,
Халал асты бұйрық қылған Жаратқан.
***
Сақ сындырмас өмірдегі сынаққа,
Жұмыс жаса жаныңменен ұнатта,
Тірлік мәні- тастай қатты тәуекел,
Қызық қуып, бет алдына лақпа!
***
Үлгі көрген үлкенге бас көрсетер,
Сотқар бала ойнаса, тас көрсетер,
Қартаймаудың себебі – екі-ақ нәрсе:
Жақсы мінез, жақсы сөз жас көрсетер.
***
Кек тұтпадым дұшпанымның айтқаның,
Шын кешірдім алдағаның, сатқаның,
Барымменен татулыққа тырыстым,
Бірақ... бірақ достық пейіл таппадым.
***
Жеңілмейсіңм жедел істе табылсаң,
Сарғайасың ұзақ уақыт сағынсаң,
Еске ұстағыш қабілетің жоғалар,
Тәуекелде тауың қайтып, жаңылсаң.
***
Шын ғашықтар бірін-бірі қимайды,
Айырылса да ынтығуын тыймайды,
Қайда жүрсін бірін-бірі қадірлеп,
Өле - өлгенше жақсы көріп сыйлайды.
***
Қонақ келсе, қабақ шытпа тарылып,
Ашу келсе бұрқырама жарылып,
Шаман келсе, қайырым ет әлсізге,
Жомарт жанға жоламайды кәрілік.
***
Барар тауын тұрса дағы мұнартып,
Сапарға шық бел майысар жүк артып,
Қалтырайтын жаман тайлақ болғаннан,
Қайыспайтың жампоз болған мың артық.
***
Кей әкім көзі түспей күпінеді,
Бүлініп, ыдырайды бүтін елі,
Халқының игілігін талауға сап,
Байлығын бөрідей жеп, бітіреді.
***
Көңілдерге алтын шуақ төккізіп,
Маңайыңа тек жақсылық жеткізіп,
Жұбыңменен бақытты бол мәңгілік,
әр күніңді шаттықпенен өткізіп.
***
Мінездіні Құдайым да қолдайды,
Тағдырына тек жақсылық жолдайды,
Ұғыспаған, шығыспаған оңбайды,
Кесір қылық, қатыгездік – зор қайғы,
Тіршілікте түсіністік орнаса,
Бұл жалғанда жаман адам болмайды.
***
Көздерінен ұшқын – от атып тұрар,
Дүниенің ажары – бақыттылар,
Жақсылықтың таңдары ата берсе,
Зұлымдықтың қарасы батып тынар.
***
Өсек сөзге ұлағым кереңірек,
Ойлы сөзді тыңдаймын тереңірек,
Адамның әңгімесіз күні қараң,
Бәрінен тұғынысу керекірек.
***
Жақсылар жылпостарға алданып жүр,
Жылпостар жақсы атақты малданып жүр,
Бассыздар бастықтарға жалғанып жүр,
Алғырлар ай далада мал бағып жүр.
***
Іңгәләйсің, жетілесің, жетесің,
Балалықтан жастық шаққа өтесің,
Есейесің егдересің қартайып,
Бұл жалғаннан тыр жалаңаш кетесің.
***
Жалтақтап өскен ботамын.,
Жегенім тікен, от әнім,
Мінезім дауыл теңізбін,
Шайырым – шағын Отаным.
***
Тарықпа қонаққа бер бар асыңды,
Білдіртпе жағымсыз көз қарасыңды,
Қылығын дөрекілеу кешіре сал,
Кеткенше күліп жүрген жарасымды.
***
Сақтадым дәстүр-ырымды,
Бабадан жеткен бұрынғы,
Арнадым саған туған жер,
Іштегі жұмбақ сынымды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу