Өлеңдер ✍️

  26.07.2022
  999


Автор: Сәттіғұл Жанғабылұлы

АМАНГЕЛДІ БАТЫРҒА

Қарғыс атқан өмірде
Қан жылаған өңірде
Амангелді батырдың
Қайраты бізге көрінді,
Еңіреген ер еді,
Қауіп етпеген дұшпаннан
Ойламаған өлімді.
Абаттана ақырып
 Аламаны жапырып
Ақ алмасын сілтесе
Жаудың қаны төгілген,
Ақ сүңгісін байлатса
Андысқан сұм дұшпаны
Көбесінен сөгілген.
Сұм патшаға қас болды
Езілген есіл еліне
Ту көтеріп бас болды
Аламанын құрып-ай,
Жауын көрсе ұмтылды
Бабына түскен қырандай,
Қолына Қызыл ту алып
Ақ алмасын суарып
Қайраттың шүйін шығарды-ай.
Қан құстырған өмірдің
Әміріне көнбеді
Ерегескен жауына
Аянбай қару сермеді.
Амангелді батырдың
Темірдей батып шеңгелі,
Қастасқан жауы меңдеді.
Амангелді батырым
Жүрегінде халқының
Сақталады сансыз жыл
Тарихта қалып еңбегі.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу