Өлеңдер ✍️

  26.07.2022
  234


Автор: Сәттіғұл Жанғабылұлы

КАСПИЙ ЕРЛЕРІ

Каспийдің бойын жайлаған
Балығын қойдай айдаған
Бақытты елдің баласы
Балықшыны жырласам
Жыр фонтаны қайнаған,
Сәттіғұл ақын мен едім
Бақыттың шығып шыңына
Жаз бағындай жайнаған,
Жас алпысқа келгенде
Бұлбұлдайын сайраған,
Шалқымай қайтсін шабытым –
 Шалқыған бақыт айналам.
Ен дәулеттің иесі
Ерлерім деп сөйлесем
Жөнеледі жүйрік тіл
Арғымақтай асқақтап
Ауыздығын шайнаған.
Каспийдің мың-мың ерлері
Күш-қуаты кернеді,
Су жүйрігі пароход
Су танабын қуырып
Судың құзын өрледі,
Су жүрегін суырып
Су байлығын меңгерді,
Судың мұзын сындырып
Су жайынын өңгерді.
Табысы таудай тамаша
Өркендеді еңбегі,
Жеңістің шырқап шыңына
Құлашты жаза сермеді,
Шырқамай қалай шыдасын –
Шаттығы шалқар дер кезі.
Біздің Каспий ерлері
Балықты қойдай бағып жүр,
Телегей түпсіз теңіздің
Қолқасына қол салып
Тереңіне барып жүр,
Кеңінен төгіп кестесін
Шөпшегін жиі қағып жүр,
Тюленді тайдай тулатып
Мойнына арқан тағып жүр...
1939 жыл




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу