Өлеңдер ✍️

  25.07.2022
  177


Автор: Қалбай Әбдіраманов

САЗГЕР ІНІМЕ

Жалғаған бізді қандай сым,
Жалғаған бізді қандай сын?!.
Шаттансын десең мен күндіз,
Әнімді кеште салғайсың.
Каспийден соқты бір дауыл,
Саялы баққа кірді ауылд.
Өзіміз мықты болмасақ,
Қазаққа қайда қырғауыл?!.
Ән салшы,інім,айғайлап,
Кемені шығар жарға айдап.
Өзіміз мықты болмасақ,
Қай жерде бізге балқаймақ?!.
Қайғым көп іште,дертім көп,
Көзімде жас тұр мөлтілдеп.
Бас қойып аяқтарыңа,
Жылағым келер селкілдеп.
Қара тас едім төзімді,
Бауырым қатты езілді.
Еңірей қойсам енді мен,
Ұстай алмаймын өзімді!..
Інілер,сау бол,деп жүрмін,
Інілер,сау бол,деп жүрмін.
Нанымның тұзы кем болса,
Маңдайға сүйкеп жеп жүрмін...
Қаттырақ кетсем айбынам,
Қайбірін істің сай қылам?!.
Мақтаса қазақ... қой бермей,
Ат мінгізе ме деп қайғырам?!.
Қазақта не көп-көлік көп,
Қайтейін салса беріп кеп?!.
Ел-жұртқа мазақ болармын,
Өзімнен жасқа еліктеп?!.
Тақымы қатты бұлардың,
Желісі жаман шұбардың!..
Жеттім-ау,жеттім дегенде,
Дүрс етіп жерге құлармын...
Мінеки ерге жарбидым,
Қарақшы болып...мардидым.
Көтере кетсе бәтшағар,
Мен сосын қайда... қарғимын?!.
Қаумалап қазақ міндірді,
Көресің енді қырғынды!
Алып қашпасын аулаққа,
Мініп көрмеп ем құрғырды!..
Үстінде аттың қайқайдым,
Жүрісі қатты-байқаймын.
Табаным тасқа тигенде,
Керегі боп тұр айқайдың!..
Асылам шөпке жандәрмен,
Хан болғым келіп хандармен.
Жусанның иісі келіп тұр,
Бүгінгі салған әндерден.
Тидің бе тасқа,табаным,
Ән етші мені,қарағым!
Ұмытпайын деп ырғағын,
Ысқырып кетіп барамын...
Жуаспын ғой мен...
Басқамын.
Есекте жүрген қасқамын.
Күндемей ме екен біреулер,
Көңілімнің көрсе тасқанын?!.
Абайла мына құрғырды,
Жаздырмай тұршы шылбырды.
Дүрс ете қалсам қайтермін,
Аса алмай жатып ...бір қырды?!.
Ат көріп жүрем түсімде,
Су көріп жүрем ішуге.
Шығуын шыңға шығам-ау,
Қорқамын бірақ...
Түсуге!..
Әніңмен бірге тербелдім,
Шайқалып барып...
Жөнделдім


Жалғызбын деп ем жапанда,
Қара құрымдай ел көрдім.
Менікі бәрі-мыналар,
Менікі бәрі-мыналар!..
Қара құрымдай әскерге,
Қайсы жау қарсы тұра алар?!.
Тағдырдың көрдім ғажабын,
Өмірдің көрдім азарын.
Көрсем-ау деп ем шамаңды,
Бір жерге топтап,қазағым!..
Жанымды сен деп қинаймын,
Сендерсіз жерде қираймын.
Көргім келіп тұр шамаңды,
Қай жерге бірақ жинаймын?!.
Саныңды қырық жыл санадым,
Бар еді тартар табағым!
Қалаға мынау симайсың,
Қақпасын ашсам ...қаланың!
Көкке де шығып қарадым,
Қамти алмады жанарым.
Осыншасыңдар,қазақтар


Қожайындары,даланың!..
Ұшақ та саған жетпейді,
Құшақ та саған жетпейді...
Егістіктер де жетпейді,
Тегістіктер де жетпейді.
Қызғалдақтары қазақтың,
Тастарға барып көктейді!..
Жердің де бауырын үңгиді,
Тереңдіктерге сүңгиді.
Ғарыштан да бар үлесі,
Марстан да бар үлесі...
Аспаны биік-күн,айлы,
Жайлауы жасыл-шұрайлы...
Қазақтар орын сұраса,
Алабағандар құлайды...
Сұлтансың,елім!
Тақтасың!
Жанашырым менің-жақтасым!
Он үш миллион әміршім,
Аяқтарыңда ақ басым!..
Бақ тілеп жүрген сыртымнан,
Айналдым елім-жұртымнан!..
Тау тұрады ертең басымда,
Тастаса қазақ бір құмнан!
Осынша менің туысым,
Алтынға толы уысым.
Қарызбын мәңгі қазаққа,
Наны үшін берген,суы үшін!..
Қарызбын,қалқам,саған да,
Қарызбын әрбір адамға.
Қолыңнан келсе,жұртымды,
Жинап бір берші...
Алаңға!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу