Өлеңдер ✍️

  25.07.2022
  68


Автор: Қалбай Әбдіраманов

ТҮСІМЕ БҮГІН ТАҒЫ. . .

Түсіме бүгін тағы кірді көктем,
Жанымды баяғыдан ділгір еткен.
Жаймашуақ соңында барады екем,
Қолға алып жүрегімді дір-дір еткен.
Жүрегім күншуаққа қандай құмар,
Ақында жан қайғы жоқ,ән қайғы бар!..
Сен менің қапталыма келші,жаным,
Қалбайды күшің болса Қалбай қылар.
Сағынып бұрмалатқан бұрымыңды,
Мен бүгін ой ойлаймын ірі, құнды.
Сұлуыңды қайтейін,жылуыңды,
Мен сенің сағынғанда... қылығыңды...
Қыздардың осы күнгі шашы қысқа,
Жинақы болу үшін... асығыста.
Қыздардың осы күнгі ақылы көп,
Жүрмеңдер
Жемтік болып осы құсқа!..
Құрдымнан су шығады қайламенен,
Дәм табар қызыл түлкі айламенен,
Көзім түскен көп қыздан жүзің сұлу,
Құрбыжан,көп ойнама айнаменен.
Талай күн бастан кетті сайран құрмай,
Көңліңді шығармаймын жайландырмай.
Қалбай деп келген болсаң мақсатқа көш,
Көп созып,әңгімені айналдырмай.
Қарағай деп жүргенің қай қарағай,
Сәулемді көңілім тынбас аймаламай.
Кештетіп ақ қайыңның астына кел,
Сөзіңнен кешегі айтқан тайғанамай.
«Жылжиды жұлдыз біткен айға қарай»..
Сен бүгін сертіңе жет шаймаламай.
Жұрт құсап балалы бол,шағалы бол,
Қаласың ертең тіптен бай қаламай!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу