Өлеңдер ✍️

  25.07.2022
  98


Автор: Қалбай Әбдіраманов

МАҢҒЫСТАУЛЫҚ ҚАРЫНДАСТАРЫМА

Мен құлаймын құласам құзға барып,
Мен жыласам жылаймын қызға барып.
Мен қыздардың төсiне жылынамын,
Еркектердiң сөзiнен мұздап алып.
Ез боламын қыздарға жүгiнбесем,
Бүктелемiн алдында бүгiл десең.
Аңдамайды-ау арулар,аңдамайды,
Шырақ алып алдынан жүгiрмесем.
Еркем де сен,өмiрде,көркем де сен,
Көрмеймiсiң үйтiлiп,өртенбесем.
Өне бойым жаралған жанармайдан,
Қалыбайсыз қалады ертең көшең!..
Бағың бiр ән,қазағым,тағың бiр ән,
Бар әлемдi бiр қызға табындырам.
Жүрегiне бiр қыздың жете алмасам,
Маңғыстауды қалайша бағындырам!..
Қолым созып қыздарға өлең бердiм,
Өлеңдерi өлмейдi кемеңгердiң.
Абайы бар қазақтың – Қалбайы бар,
Арасында өскенмiн емендердiң!..
Емiн –еркiн мен қазiр өле алмаймын,
Бiр өлген соң... мен қайта оралмаймын.
Қолымда сөздерiм жүр басылмаған,
Сондықтан...
Мұқағали бола алмаймын!..
Менiң өйтiп хақым жоқ ерте өлуге,
Жан екенмiн жаралған өртенуге.
Қызға жазған хаттары Қалыбайдың,
Жасау керек елу жыл... ең кемiнде!..
Айналайын,қазақтың қара көзi,
Елу деген-еменнiң бала кезi!..
Маңғыстауда шашылып жырым жүрсiн,
Ертең жинап қазақтың алады өзi...
Сендер барда адасып,сарылмаспын,
Жанымды аштым сендерге,
Барымды аштым.
Құмар өлең - өлеңiм,тұмар өлең,
Тағылайын мойнына қарындастың!..
Ертең менiң белгiлi тақ аларым,
Тәж сұрауға жетiп тұр бағаларым...
Кездейсоқ кеп қазақ жоқ қаңғып жүрген,
Қаңғып жүрген өзiңнiң ағаларың!..
Айналайын қыздардың қара шашы,
Махаббатым-жанымның арашасы.
Махаббаттың әманда жаны биiк,
Махаббаттың болмайды аласасы!..
Сөздерiмдi сынайды ғұлама сан,
Болмайды ендi белiмдi қынамасам!
Мың сұлудың жүрегiн өртеу үшiн,
Бiр сұлуға болмайды ұнамасам!..
Бiр қамалды алайын өлеңiммен,
Өлеңiммен алмасам өлемiн мен!..
Разы боп өмiрге келiп едiм,
Разы боп кетейiн мен өмiрден.
Тауқыметтiң кешiрдiм бәрiн бастан,
Аяйтұғын жаным жоқ қарындастан!
Сен дегеннiң бiреуi мен едiм ғой,
Менi қалай жүресiң сағынбастан!
Өтейiн бе өмiрден перiштедей,
Өлеңiмдi қабыл ет кемiс демей.
Төлегендi әкеткен мына тағдыр,
Қалыбайды қоя ма тегiстемей!..
Сендер барда ұшамын жүз қанатпен,
Секiремiн секiрсем құздан атпен.
Бiр биiк Тажымақал салу үшiн,
Өмiрде жүргем жоқ па қыз қарап мен!.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу