Өлеңдер ✍️

  25.07.2022
  271


Автор: Оңайгүл Тұржан

ЕРКЕ ӨЗЕН

Жүрсін деп қылығымен шаттандырып,
Тұма көз тұнығыңды мақтан қылып
Тау-анаң қалды бұлттың арасында,
Ерке өзен,
сені көлге аттандырып.
«Бұл – таудың баласы!» -
деп,
көлдей өорып,
төбелер жол төседі көлбей қонып.
Сен, бірақ...
ағып барып...
екі айрылдың,
Ерке өзен,
екі айрылған елдей болып.
Шөлден қорғау үшін де отан-жанын,
Жусан ішед даланың қатал заңын.
Сені аңсап жатқан шөл қол бұлғады,
Бірақ,
оған баруға бата алмадың.
Өйткені,
екі айрылдың қақ төріңнен,
тілің де,
ақылың да қақ бөлінген.
Қақ бөлінген тілің мен ақылыңа,
Туған жердің шөлі де жат көрінген.
Ойыңда өкініштер өріле ме,
Су-тағдыр,
сынып-сынып сөгіле ме?
Бөлінудің заңы сол –
жылға болып,
жете алмадың, әрине, көліңе де.
Түсіңе кеп түнейді күміс белгің,
Жиылып кеп құрақтар су ішкен күн.
«Келер деген бір өзен кешікті» деп,
Сені іздеуде ақ бұлты пүліш көлдің.
Көлге жете алмадың бұлбұл үнді,
Тамшы күлкің шашылып,
Күлге ұрынды.
Күл, бірақ, «күлкіңді іштім» деген де жоқ,
Айтты тек сенің де енді күлдігіңді.
...Тау-анаң
жылады естіп бұл хабарды:
- Айтып ем ғой сақта деп Бірлігіңді!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу