Өлеңдер ✍️

  25.07.2022
  77


Автор: Оңайгүл Тұржан

Ақ торғай сарша құмға жуынып кеп...

Ақ торғай сарша құмға жуынып кеп,
Төбелер отыр еді жүгініп бек.
Алдына тоқтай қалды тауға жауған,
Ақ нөсер,
Ақ бұлақ боп жүгіріп кеп.
Ажырық келді жайып гүл-етегін,
Жантақ тұр желге сүртіп бұла тері.
Жаңа туған бұлақ та танымады,
Мына тұрған тікеннің кім екенін.
Адыраспан жүретін шуаққа еріп,
Тұрғаны осы оынң да бұлақ көріп.
Боз түйенің даусына өскен жусан,
«Сен кімсің?» дер бұлаққа сұрақ беріп.
«Бұлақпын!» деп ақ бұлақ өкпеледі,
Бұлақты ерке өсірген көктем еді.
Аралап,
Жүрді біраз аң-таң болып,
- Осы ма сонда әлгі шөп дегені?
Кетті содан нөсердің ақ бұлағы,
Сағыныш әнін айтып шапқылады.
Шөл мен көл бірін бірі танымаған,
Сырыңның да осында жатты мәні.
Тақыр жайлы айтып ем орманыма,
Сенбеді:
- Тал да өспей ме сонда мына?
Шөл де сенбес өмірде көл бар десем,
Көл сенбейді әлемде шөл барына.
Тағдырым,
Жарау аттай желгейсің-ау,
Жалғанды кезіп сен де желдейсің-ау.
Сөзге сенбес шөл мен көл секілденіп,
- Бақыт бар! – десем, сен де сенбейсің-ау?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу