Өлеңдер ✍️

  25.07.2022
  64


Автор: Оңайгүл Тұржан

ӨРМЕК

Өрмек жатыр жиегі кекілденген,
өнердің өлмес жолы секілденген.
Адарғыны ары-бері қозғап қойып,
Оюдан ою тауып отыр жеңгем.
Жүз бояу жетелейді мың елеске,
Ілессең,
Ілесіп көр мына көшке.
Одырайып қарайды «қошқар мүйіз»,
Аяңдап келеді оған «сыңар өкше».
Халқымның өнер деген салты-ау ерек,
Түр салған «теру ағаш» жалқау ерек.
«Мен болмасам тоз-тоз боп кетесің» деп,
Ары-бері секіріп арқау әлек.
Өнер бұл ардақтаған үкілі елім,
Қызыл түске бояуда сүт реңін.
- Өрмектің жүзі қайтты, - дейді жеңгем,
Демек енді аз күнде бітіремін.
- Өрмегің сөйлеп тұрған өлең екен, -
дедім мен, - шеберлігің ерек екен.
...өрмектей өрнегі көп өлшеулі өмір,
сенің жүзің қайтқанда,
...не дер екем?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу