Өлеңдер ✍️

  25.07.2022
  111


Автор: Оңайгүл Тұржан

Қиялда өлең жатыр құла қасқа...

Қиялда өлең жатыр құла қасқа,
Құла қасқа таптырмас бiр адасса.
Көңiлдi тiк көтерiп жүрген шабыт,
Уәдеңдi берiп кет құламасқа.
Құла қасқа өлеңдi тап бассам деп,
Тауларға қыран даусын жаттассам деп.
Қайран жазым,
ол да өтiп кетiптi ғой,
Мен жүргенде жаңбырға жақтассам деп.
Өлеңменен өмiрдi танып келем,
Құмырсқа iзiнен де шабыт көрем.
Өлең болып өссем деп армандайды,
Тақпақ та өзiн
жаттап ап әлiппеден.
Ертеңiңдi армансыз пайымдар ма ең,
болдыра алмай арманды уайымдар ма ең?
Бойын өлшеп көредi көк құрақ та,
Қатарласып тұра қап қайыңдармен.
Армандауды өмiр ғой ала келген,
Сол үшiн де бәрiне сана берген.
Пендешiлiк тiрлiктен озам ба деп,
Толқындар да жарысар қара желмен.
Сәттiлiктер, кел ендi жолық маған,
Күндерiме қуат бер солықтаған.
Қара тасты қақ жарып гүлдер де өстi,
Қыс келсе өлем-ау деп қорықпаған.
Күш аламын сол гүлге қарап мен де,
Тiл табысам, сөйлесем алаппен де.
Бiр күш келiп қиялды кернеп тұрад,
Ұша алатын қанатсыз, қанатпен де.
Кезем сосын шабыттың маң даласын,
Маң даламды көрген жан, таңқаласың.
Бәрi өтпелi жалғанның, қайран өлең,
Менiменен қалатын сен ғанасың.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу