Өлеңдер ✍️

  25.07.2022
  75


Автор: Оңайгүл Тұржан

ҚАҢБАҚ

Ей, қаңбағым, өз-өзiңе орана,
Кiмдi iздедiң Махамбеттiк-далада?
Жандүнием жоғалды, ендi өлем деп,
Сайға барып жылағанмен бола ма?
Мәнсiз зат жоқ бұл далада,
...көшiң бар,
Кеудеңдегi өкiнiштi өшiр бар.
Тамырыңнан сенi жұлып ап қашқан,
Анау желдi қуып жет те, өшiңдi ал.
Ол да сосын сенi қуа жөнелер,
Қашқан,
Қуған тiршiлiкке көне бер.
Биiгiне сенi де алып шығады,
Сол далаға сән боп жатқан төбелер.
Аптап мынау төзiмiңдi шын сынар,
Сен шыдарсың оған,
сосын құм шыдар.
құмға иiлiп бiр тал гүл тұр,
тиме оған,
Махамбеттiң үнiне өскен гүл шығар.
Кезiгедi ұшыратын түйiрдi әр,
шарлайтұғын Махамбеттiк-қиырды әр,
тұрақтылық жайлы таулар шығарған,
үкiмдерден үркiп кеткен құйындар.
Түйелер де қала берер түк демей,
Ей, қаңбағым,
барар жерiң бiтпегей.
Кеуiп жатқан құдықтар да кездесер,
Далаға кеп өлiп қалған нүктедей.
Жүгiр-жүгiр дем бер оған гөзалдан,
Тiршiлiктi сен де қорға тазарған.
Махамбеттер өлеңiмен жан берiп,
Талайларды алып қашқан ажалдан.
Бұл далада мәнсiз зат жоқ, құт – кешiм,
Сен де ұғындыр көңiлiңнiң бүкпесiн.
Бәлкiм, сен де бiр өмiрдiң соңына,
Қойылудан қашып жүрген нүктесiң?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу