Өлеңдер ✍️

  25.07.2022
  74


Автор: Оңайгүл Тұржан

Өңі негі бұзылады аспанның...

Өңі негі бұзылады аспанның,
Көкжиекке қойып кетті қашқан күн.
Шаңы шыққан жұтаң ойдың бетіне,
Қара түннен жұлдыз-жұлдыз жас тамдың.
Аспан, сені түсінемін,
Көрікті ер,
Еш нәрсеге селт етпейтін кейіпте ел.
Мен де –
Қызыл, сылдыр сөзден мезі боп,
Романнан қашып шыққан кейіпкер.
Қиял ғой жәй «қашып шықтым» дегенім,
өмір – автор, не десе де көнемін.
Орта көңіл одан әрмен ортайып,
Толмайды бір түбі тесік шелегің.
Өмір – автор,
Қырнамайтын, жонбайтын.
Қысқартпайтын,
Керек жерін созбайтын.
Тағдырымды тасып бердім қолына,
Тараулар тұр өзгертуге болмайтын.
Мен – кейіпкер,
«Тұр!» деген соң тұрамын,
«Жүр!» деген соң, жүріп келем,
...құладым.
Тіпті ештеңе қосуға да болмайды,
Қандай қатал автор еді бұларың.
Жыртып-жыртып бойкүйездік қоғамын,
Сағынштан алтын сарай соғамын.
Мың жылдан соң қайта өмірге келгенде,
Сөз жоқ сонда дұрыс автор табамын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу