Өлеңдер ✍️

  25.07.2022
  72


Автор: Оңайгүл Тұржан

СУЫҚ КҮНДІ СУЫҚ СУДАЙ ЖҰТАСЫҢ...

Мұзға жанып өткiрлеп ап төзiмдi,
Аямай-ақ қамшылайсың өзiңдi.
Суық күндi суық судай жұтасың,
Жақша iшiне қамап тастап сезiмдi.
Асығады қуаныш та, қынжылыс,
Асығам деп талай тағдыр – жым-жылыс.
Апыл-ғұпыл қара түнге сүрiнiп,
Ұшып түсiп, быт-шыт болды бiр дыбыс.
Қайтсiн ол да айналсам деп дауысқа,
Асығады жазды тастап қауысқа.
Құмырсқам-ай, адам сынды асығыс,
Сен де ешқашан үмiтiңдi тауыспа.
Тез-тез күлiп, тез-тез жылап аламыз,
Ақпаратты тез-тез оқып санамыз.
Екпiндеумен, екi иiнiнен дем алып,
артымызда ентiгумен қалады iз.
Ән мен күй де жылдамдығын үдетiп,
Асығыстық мәнсiздiктi түлетiп.
Заман ұшып бара жатыр тоқтамай,
Адамдарды уақытқа құл етiп.
Дөңгелек күн!
Сан батып, сан атып та,
Билiк етер бақытқа да, тақытқа.
Бостандыққа жетiп едiк,
Әттең-ай,
Ол да, мiне, байлаулы екен уақытқа.
Көнедi оған алып қала, дала кең,
Көнедi оған көк теңiз де, бар әлем!
Бабыменен, сәнiменен туатын,
Бұл заңға тек бағынбайды өр өлең!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу