Өлеңдер ✍️

  25.07.2022
  89


Автор: Оңайгүл Тұржан

Шырт ұйқыда жатыр ару Астанам...

Шырт ұйқыда жатыр ару Астанам,
Мына бiздей ақындарын тоспаған.
Ақ қалам да ұйқылы-ояу қалғиды,
Сөйлемдердi сүйреп әкеп тастаған.
Көшеде қыс. Ақ шабытын жүз бұрап,
Ақындарға елiктейдi мызғып ап.
Жан түсiнбес жазуларын жазады,
Сауатсыз мұз тереземдi сызғылап.
Қалар артта көсегесi көк түндер,
Қалады ғой бар болса да жоқ күндер.
Көше бойлай, бүршiк жарып, мәз болар,
Саясаттан түк хабары жоқ гүлдер.
Сол гүлдерден басқа жанды менсiнбей,
Тiршiлiкпен арадағы елшiмдей,
Тiл ұшына қайта-қайта оралар,
Өлеңдерiм қағаз бетiн жерсiнбей.
Көктем келер, ақ бұлттарын басқарып,
Қуаныштан көздерiнен жас тамып.
Шөл даланың келер сұлу көктемi,
Құйындардың шеруiмен басталып.
Өлең келер, өзiн-өзi қамшылап,
Одан сұлу жаздың дәмi тамшылап,
Желбiреп бiр шығар жердiң бетiне,
Жусандар да өзiн құмнан аршып ап.
Сол жусанға қызығамын, сенемiн,
Сары даладан тапқан барлық керегiн.
Тiршiлiктiң мына бiтпес құмынан,
Мен өзiмдi арши алмай келемiн.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу