Өлеңдер ✍️

  25.07.2022
  92


Автор: Оңайгүл Тұржан

КӨК ТЕҢІЗ ЖАТЫР БАЛЫҚТАЙ ТУЛАП...

Көк теңіз жатыр балықтай тулап,
Толқынды сүйреп шағала.
Ереуілге шыққан халықтай шулап,
Қамыстар қалды жағада.
Қал мейлі.
Сені аялар ақ таң,
Көлін іздейін мен шабыттың.
Күлкім бар шаттық. Мұңым бар – батпан,
Мен өзім де бір халықпын.
Ғасыр боп бүгін қарайды маған,
Кешегі кеткен бұлақ-күн.
Алдымды кесіп, орайды далам,
Шапанын сүйреп сұрақтың.
Сұрақтан қаштым, ән-жырға балқып,
ағыттым сезім тиегін.
Шілдеден шаршы орамал тартып,
Жаңбырдан көйлек киемін.
Сылтаудың бәрін тағдырға сілтеп,
Көңілім көнген сыңайлы.
Әттең-ай, бала-армандарым тек,
Өлең ішінде жылайды




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу