Өлеңдер ✍️

  25.07.2022
  71


Автор: Оңайгүл Тұржан

ӨЗ СУЫН ӨЗІ ІШІП ТАУЫСҚАН КӨЛ

Зыр жүгіріп, құм қуып сауысқан-жел,
Суыл үні шағала-дауыстан да өр.
Келіп менің кесеме үңіледі,
Өз суын өзі ішіп тауысқан көл.
Тауысқан көл келбеті күмістей-ді,
Күміс кетіп,
Мұңыңа мұң үстейді.
Құйындарға бәрі бір – шөл ме, көл ме,
Құйындар су ішпейді.
Ақ гүлін шөлдің демі талап алған,
Қаңбақ қана семіріп, домаланған.
Шөл даланың сағымы – теңіз сынды,
Өзі өліп, толқындары ғана қалған.
Толқындары шөл құмын тарамдар-ды,
Сол құммен жау ала алмас қамалды алды.
Тура жолдан басқа жол білмейтін құм,
Кешіп өте шығады адамдарды.
Өте шығар үйірін санауменен,
Өте шығар өрт демді алауменен.
Бақыттың тура жолын таба алмайтын,
Адамдарға аң-таң боп қарауменен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу