Өлеңдер ✍️

  25.07.2022
  56


Автор: Оңайгүл Тұржан

ТҮК БIТIРМЕЙ ҚАРАЙДЫ УАҚЫТ МАҒАН

Жартастар тұр жастығы ортайған бiр,
тастығына мақтанып шалқайған кiл.
Терезеден қарайды сол тастарға,
құмыраның iшiнде қартайған гүл.
Қартыққа да көндiккен гүл-көңiлi,
көнбiстiк те – тағдырдың бiр керiмi.
Ұқсата алмай бiз жүрмiз барымызды,
Таусылуда ғасырдың күнделiгi.
Маған әсте жақпады ән, жақпады маң,
мазам кеттi күндердiң шатпағынан.
Жалпылдайды iлiнiп бiр шегеге,
қоғамның қаңқасына қаққан ұран.
Бүл көңiл бұл күндi де аңсар ма екен?
қаланың жартысы базар,
. . . барсам ба екен?
Көк Каспий, мен де сенi сүртiп тастап,
орныңа базар салып алсам ба екен?
Базар - қоғам,
сонда жүр жақұт санам.
Түк бiтiрмей қарайды уақыт маған.
Тоқтата алмай, әуре боп алтын шақты,
сағаттың сыртылына батып барам.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу