Өлеңдер ✍️

  25.07.2022
  630


Автор: Рахат Қосбармақ

АУЫЛЫМ СЫҢҒЫРЛАУДЫҢ БӨКТЕРІНДЕ

Ауылым Сыңғырлаудың бөктерінде,
Раңы ырғалатын көктемінде.
Баялыш, жыңғыл тұнған байтағым-ай,
Боз жусан бой түзеген тептерінде.
Ауылым Сыңғырлаудың бөктерінде,
Асау күн, аялдамай, өткенің бе?!
Бұйратты, бұйырғынды белдер қайда,
Кетті ме кесір шалдың кетпенінде?!
Ауылым Сыңғырлаудың бөктерінде,
Керіліп күн күймесін жеккенінде –
Ерініп ерке бала мал өргізіп,
Басатын қара кемпір «жетпегірге».
Ауылым Сыңғырлаудың бөктерінде,
Қарттарым қазынасын төккенінде –
Қауқылдап баласына бата беріп,
«Қадамың құтты болсын!» деп келінге.
Ауылым Сыңғырлаудың бөктерінде,
Қол созған қоңыр күмбез көкте күнге.
Қой жайған құба жоным қымбат маған,
Мен үшін керегі жоқ Меккенің де.
Ауылым Сыңғырлаудың бөктерінде,
Жаныма Жасаған жыр еккенінде –
Түндігін қараша үйдің желпілдетіп,
Нөсерін нөпір жырдың сеппедім бе?!
Ауылым Сыңғырлаудың бөктерінде,
Белеске бесті мініп, беттедім де;
Қымсына қыздың қолын ұстатқызып,
Ең алғаш ынтық еткен отты ерінге.
Мекенім Сыңғырлаудың бөктерінде,
Қыз аулы – қырдың анау беткейінде.
Қылаңды қыр астынан тосып алып,
Алқынып, ақ бетінен өппедім бе?!
Ауылым Сыңғырлаудың бөктерінде,
Жайнаған жауқазыны көктемінде.
Талай күн таңға дейін сыр шертіскен
Қалқаның халін біліп кетпедім бе?!
Ауылым Сыңғырлаудың бөктерінде,
Мұң қалды көңілімнің кептерінде.
Сабылып жететұғын шақтар қайда,
Сағынып, шаршап, азап шеккенімде?!
Ауылым Сыңғырлаудың бөктерінде,
Аймалап самал бетті өпкенінде –
Алаңсыз асыр салып, ойнап-күлген
Алыстап, арзу күндер, кеткенің бе?!
Ауылым Сыңғырлаудың бөктерінде,
Ащыағар, ала көпір өткелінде.
Айдын көл, асу-асу белден өтіп,
Қырықтың қырқасына жеткенім бе?!
Ауылым Сыңғырлаудың бөктерінде,
Ақша бұлт ақбас шыңға шөккенінде –
Арудың желбіреген желегіндей
Арманым, азғана аял етпедің бе?!
Ауылым Сыңғырлаудың бөктерінде,
Арта алман өткен күнге өкпе мүлде.
Дүркіреп көшкенің бе, дүние жалған,
Алтынды айырбастап теп-тегінге?!
Ауылым Сыңғырлаудың бөктерінде,
Күй қалды домбыраның шектерінде.
Қайыптың тамағында қалған әндей
Ғайып-күн, бір қайрылмай кеткенің бе?!
Ой, дүние-ай!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу