Өлеңдер ✍️

  25.07.2022
  397


Автор: Рахат Қосбармақ

ЭКСКУРСИЯ

Шұбалған жол – шумақ-шумақ жіп сынды,
Айпара-тау – айырға артқан жүк сынды.
Көз ұшында көлбеңдейді көп түйе,
Тыраң-соқпақ төзіміңді тықсырды.
«Жібек жолы» өткен мұнда» деседі,
Жүре берсең, жүлгелі ойың өседі.
Жазған басың жантәсілім еткелі
Жатқан жандай хикметті кешеді.
Құм астында құпиясын бүгіп қыр,
Құмыққан үн құлағыңды кеседі.
Ұлықтасаң, бабаларды ұлықта,
Елсу ишан қалдырған зор ғұрыпқа.
Берді ишан мен Бегей Сисен, Тұрайымбет,
Мұқан сұпы жаққа мойын бұрып та;
Бектұр, Тектұр, Қырықмылтық Көшербай
Ахундардың әруағы құрып па?!.
Барақ пенен Асауларға бас иіп,
Бармақ шалдан бата алуды ұмытпа!
«Молақтың» да ойы бұдан жырақ сәл,
«Ақши», «Тұрыш», «Ноғайтыға» бір ат шал.
«Білеулі» мен «Белдеуліге» кідіріп,
«Құсшы»-мола құпиясына құлақ сал.
Арғымақты алты ай шапса ала алмас
Бытпылдық жол, айдын сорға сал алғаш.
Бөрбелтайлау төбе көрсең, тұра қап,
Бөркіңді алып, бөлекшелеу амандас.
«Доңызтау» мен «Желтау» саған сыр айтып,
Алыс жолда адал жолдас бола алмас.
Тандыр-бұлттың тамбай қалған сиясы,
Қашық бұдан қырандардың қиясы.
«Таз Ақпанның үйігі» мен «Ірімшікті ой» –
Мың ордалы жыландардың ұясы.
«Сам», «Сыңғырлау» шапқан сайын жақындар,
Қай жерге де қазық қақсаң, хақың бар.
«Қосарқан» мен «Шахан-құдық» қол созым,
Амантұрлы, Атақозы батырлар.
Құлақ салсаң, құдіретке кешегі,
Тіл түгілі, тиегіңді шешеді.
«Қаратүлей» қасқыр түгіл, кезінде
Жолбарыс та жортқан екен» деседі.
«Шиланды» мен «Жезді» – бітпес ертегі,
«Қарабұлақ-Ақшағылды» көр тегі.
«Манашының сайы» айтпаған жұмбақты
«Маңсуалмас-Есет» саған шертеді.
Түксиеді түнеріңкі қабағы,
Сасқан адам садақасын шалады.
Жем бойына жеткен халық жетісіп,
Адаспастан «Ақмешітін» табады.
Есіңде жоқ ескі заман елесін
Сезген сайын сезгің келе бересің.
Кең Жылыойға жеткеніңше кезеріп,
Кереметтің неше түрін көресің.
Беу, бабалар!
Сіз жайлаған бұл дала,
Біздер соны білмедік-ау құлдана.
Ықылымнан саз саумалап қобыз-жел,
Ыңырсиды, ызыңдайды құр ғана.
Суық аспан сұсын төгіп, сұрлана,
Диірмен-күн дөңгеленіп, зыр қаға;
Бейнеу деген бетпақ қырдың үстінде
Белгісіз боп қалып жатыр кіл мола.
«Сол моланың сырын ашам» деп күнде,
Жүрек тұсын жеміріп жеп құлғана;
Күндіз – жерге, түнде – көкке үңіліп,
Қоңыр қырда қой бағып жүр бір бала...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу