Өлеңдер ✍️

  25.07.2022
  711


Автор: Рахат Қосбармақ

ҮСТІРТ

Пай-пай, шіркін!
Мынау қырдың жатысын-ай шәниіп,
Етек-жең кең ерке ұлдай далиып.
«Тауларменен таласамын» дейді ме,
Асқар шыңға қол соза ма ақиық?!
Пай-пай, шіркін!
Жатысын-ай, жатысын!
Қамал сынды алдырмайтын қапысын.
Азу тісін ақситады арландай,
Тірі жанға жібермейтін ақысын.
Сол екен ғой – өнегелі, өрелі,
Өсер елдің өз күшіне сенері.
Қырдың ұлы қияларға қол созбай,
Аспан жаққа ұмтылатын себебі.
Ей, балақай,
Бұл нетуің, нетуің?!
Кертиеді керзі қара етігің.
Осы қырда туғандықтан екен ғой
Отманға да сәлем бермей кетуің.
Сіміртердей өтіріктің кермегін,
Сіңіп еді еліңе қай еңбегің?
«Құба жонда құла мінген кім?» десем,
Қыржық мінез қыр баласы, сен бе едің?!
Кім айтып жүр «Қыр дегенің – інген» деп,
«Айыр өркеш үсті-үстіне мінген» деп?!
Қырда туған қырсық ұлдың бірі едім,
Қылтамды да қиғысы кеп жүрген көп.
Сезіміңе ши жүгіртіп секемді ой,
Сәл нәрсеге шатынауың бекер ғой.
Қыр дегенді «байтақтық па» деп жүрсем,
Арда мінез асқақтық та екен ғой.
Ат жарата берер болсаң, бәйгі көп,
Арман қыла берме, бала, Айды көп.
Мына қырдың жатысына қарасам,
Мың қыстаулы Маңқыстауда қайғы жоқ.
Көлеңкедей көп жолдас пен дос құрсын,
Көңіліңді Хақтағала хош қылсын.
«Қыр дегенің – кеңдік қой» деп тамсанған
Қырт өлеңнің бәрі – әшейін, бос былшыл.
Кезгің келсе, кең даланы бір-ақ көр,
Жұлдыз болып жымияды жырақ төр.
Үстірт жайлы білгің келсе, балақай,
«Маната» мен «Бөрібастан» «құлап» көр!
Сынбай қалған қабыртқаңды түгендеп,
«Сынды» жақпен бағыңды бір сынап көр!
Бұл дүниеде болу керек бір теңдік,
Сол теңдікті орнатам деп жыр тердік.
Биіктік те, байтақтық та емес ол,
Үстірт деген – біле білсең, Үлкендік!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу