Өлеңдер ✍️

  25.07.2022
  104


Автор: Рахат Қосбармақ

«ТАБЫЛ ӨЛДІ» ДЕГЕНШЕ...

(Табылды Досымовтың қазасына)
«Табыл өлді» дегенше, «дарын өлді» десеңші,
«Асқар тауың құлады, алып өлді» десеңші.
«Сабалы көл сарқылып, сарқырама тартылып,
Сағым басты сарыуайым сары белді» десеңші.
«Қазанатын сақтамай, қан құсатын қазаққа
Тажал өлім құрығы тағы келді» десеңші.
«Бұ дүниеде ешкімге бастырмаған кеудесін
Әзірейілдің ұлыңа әлі келді» десеңші.
Көзін жоқтап арланның, сөзін жоқтап тарланның,
Кезін жоқтап жалғанның, өзін жоқтап арманның;
Өлтіріп ап, артынан жылайтұғын өкініп,
Қазағыңның тағы да қапияда қалған күн.
Өлім ғана – өкініш.
Несі кетсін тірінің?!
Арманыңды жалғайды Абылдайын бір ұлың.
Айта да алмай ашылып, іште кетті қанша арман,
Арпалыспен өтті ғой сенің бүкіл ғұмырың.
Алшаң басып кірмейсің «КазГУград»-қақпаға,
Аралап сен жүрмейсің алма тұнған бақта да;
Арқырап бір келмейсің арда туған мінезбен,
Жарқырап бір күлмейсің жан сырыңды ақтара;
Журфак үшін жұлқынып шықпайсың ғой сен енді,
Жалаң қылыш секілді жалғыз шауып топқа да.
Атағы көп Адайдың «атаманы» секілді,
Ауылдастың ары үшін түстің талай отқа да.
Беу, Табылды, нар ағам, бізге сізді көру жоқ,
Алатауға ілініп әнің қалды тек қана.
Алматыдай шаһарды қимай кеткен әз басың
Атырау мен Жайықта сыймай кетті ноқтаға.
Айырбастамас алтын ең алмас қылыш сапыға,
Ақсұңқар құстың сойы едің, атына сай заты да.
Арыстан еді-ау Табылды, «Алашқа болман» дейтұғын,
Айрылып қалдық, қайтейін, қабыланымнан қапыда!
Қазасына ағаның қайран көңіл сенген жоқ.
Өзі өлгенмен, ақынның аманаты өлген жоқ.
Табылдының гитарын талай бала арқалар,
Тәнін оның көмгенмен, әнін ешкім көмген жоқ.
Баба-дала бас иер баға жетпес бард-ұлға,
Барлық ақын жыр арнар балап оны алтынға.
Әттең, біздің халықтың әлмисақтан салты осы –
Кем түсініп, кеш ұғар парасаттың парқын да.
Дара туған ұланға қажет емес даңқың да,
Махамбеттің жырындай маздап өткен нар тұлға.
Айналайын Ақжайық, ат салдырмай өтетін,
Адыра қалып барасың аршыланның артында.
Тар заманның шындығын тарих сыны сүзген-ау,
Келер ұрпақ кейінгі айтар түбі бізге дау:
Тайсойған мен Дендерден, нар жоғалған Нарыннан
Табылдының соқпағын талай ұрпақ іздер-ау!
Дүние деген – диірмен, дөңгеленіп, зулайды,
Адам деген – қу бұта, ажал жетсе, қурайды.
Тоқсан әйел тоқтаусыз толғатса да күні-түн,
Табылдыдай талантты енді қайтып тумайды!
Артындағы ініге бола білген ар-айбын,
Аласұрар ұрпақтар Табылды іздеп талай күн.
Алла сені алдыңнан жарылқасын, жан ағам,
Аршыланы Алаштың, Ақберені Адайдың!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу