Өлеңдер ✍️

  25.07.2022
  84


Автор: Рахат Қосбармақ

САРҒҰЛ СЕЙІС

Қазақтың қасиетті қара шалы,
Даланың сырын ұққан дана шалы.
Мысымен мықтыларды ықтыратын,
Сұсымен асқақтатып аласаны.
Жақсының қасиетіне шек келмейді,
Жайсаңдар жаман сөзін кек көрмейді.
«Баласы Қаратеке Сарғұл сейіс
Басынан сөз асырмай өткен» дейді.
Атадан артық туған өктем ер-ді,
Айбыны әруақты еткен елді.
Атақты Самалық би аға тұтып,
Алдынан кесіп оның өтпеген-ді.
Даңғылым, дара туған данышпаным,
Ақылмен тізерлеткен алысқанын.
Шоқтығы биік туған Шолтамандар
«Аға» деп, артына ерген арыстаным.
Алмастай бір кесетін жаңқаламай,
Алыптай тілдесетін тау-толағай;
Тентектеу мінезі бар текті шалды
Сыйлаған Жары түгіл, жалпақ Адай.
Аламан бәйгелерде ат терлеген
Басқаға бас жүлде мен бақ бермеген;
Нешебір жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар
«Сарғұлдың сары атына» шақ келмеген.
Екпіні – тулап аққан Ертістей-ді,
Жарысқан жабыларың жер тістейді.
Мысалы бұл жылқының мың тұлпардай,
Кешегі Құлагерден кем түспейді.
Арасы жал-құйрықтың алыс құлап,
Саласы шап-қолтықтың шабыс сұрап;
Салпы ерін, үңгір танау, сағағы алшақ,
Шықшыты шығыңқылау, қамыс құлақ.
Иесі құйрық-жалын тас түйеді,
Қара үзіп келеріне бәс тігеді.
Қармаққа шаншатұғын қырым етсіз
Балықтың басындай боп бас сүйегі.
Қолтығы аңғар сынды қобылаулы,
Көзінің ұясына көңіл ауды.
Бура сан, бота тірсек, жалпақ сауыр,
Арбиған алқам-салқам омыраулы.
Желбіреп желкесінен жал құлады,
Талмайтын тарлан шабыс таң қылады.
Ұшқан құс, жүгірген аң болмаса егер,
Алдына қара салмас арғымағы.
Ел айтар «Одан бәйгі қалмаған» деп,
«Кез келген тойға Сарғұл бармаған» деп.
«Жүйрігі жер басқанның сары айғыры
Жүлдесіз қайтқан кезі болмаған» деп.
Сары аттың жыры таңға созылар-ды,
Сарғұлдың өзі кетіп, көзі қалды.
Асында ақиреттік жан досының
Артында аңыз болған сөзі қалды.
Айғыр жал, асу бермес өткел екен,
Асау той, алқалы елден шеткері екен.
Таңертең Қаламқастан аттанған ат
Түс ауа Жиделіге жеткен екен.
Зарпына жан теңеспес заңғар тұлға,
Жарықтық, жалғыз келген сол қалпында.
Селдіреп, шаңына да ілесе алмай,
Сексен бес серек тұлпар қалды артында.
Дүр аз ба бұл қазақтың даласында,
Өзің біл, нанбайсың ба, нанасың ба:
Жүйріктің алқынбастан алғаны шыңы –
Жүз жиырма шақырымның шамасында...
Сары айғыр даңқын солай жайып өлді,
Сар жұлдыз, сахараның айы болды.
Сары аттың жайылып кеп, жусар жері
Сарғұлдың мәңгілікке жайы болды.
Сарғұлдың сара ақылы, терең сөзі,
Нақыл боп қалды бүгін кемел сөзі.
«Ер жігіт күш сыналар кезін өзі
Ел кезіп іздемейді» деген сөзі.
Өмірден өтті солай қайран батыр,
Сарекем салған ізі сайрап жатыр.
Салдырған Самалықтың сағанасы
Жаңғырған ақ күмбезге айналды ақыр.
Аллаға етпей шүкір, сірә, құлдық,
Тірлікте талай қате, күнә қылдық.
Сарғұлдай ерлерімді ескерусіз
Қалдырып, мойнымызға кінәні ілдік.
Ал бүгін сол кінәні жуып-шайып,
Ас беріп, шартараптан бір ағылдық.
Толғантып Тұщықұдық топырағын,
Толқыған ту астында тұра білдік.
Арада жүз елу жыл өткеннен соң
Аңызын ерлерімнің мұра қылдық.
Риза бол осыған да, Сарғұл ата,
Кімге опа берген жалған мына күндік?!
«Болсын, - деп, - алдың пейіш, артың кеніш»,
Артыңда қалған халық дұға қылдық...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу