Өлеңдер ✍️

  25.07.2022
  129


Автор: Рахат Қосбармақ

АБЫЛ АҚЫН ӘРУАҒЫНА

Текті жыры жалын боп жағылатын,
Тереңінен тарихтың табылатын.
Әруағың бір аунап жатқан шығар,
Ақындардың атасы Абыл ақын!
Ақ дария-жыр болып ағылатын,
Алқалы елі көрмесе, сағынатын;
Адай ғана емес тек,
Алаш үшін
Асқаралы биіксің, Абыл ақын!
Қасиетті Бозашы – атамекен,
Қайда жүрсең, жар болып жатады екен.
Шырын-балдай сөзіңді ұғынғандай
Халқың әркез тамсанып татады екен...
Ұлы дала ұл туар арыстандай,
Тарихпенен таланты табысқандай.
Аңсап өткен Абылдың армандары
Азат елдің аспанында тоғысқандай.
Тілекшісі үйдегі – түздегінің,
Күн шуағы қаққандай бізге күлім...
...Өлгесін Абыл сынды ақтаңгерлер,
Өлеңші боп жүрміз-ау біз де бүгін!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу