Өлеңдер ✍️

  25.07.2022
  316


Автор: Рахат Қосбармақ

ҰЛЫ БАБАЛАР РУХЫНА

Маңқыстау – майлы қиян, кең түбегім,
Сен десе, семсер-жырмен серпілемін.
Намысын таптатпаған нар ұлдарың,
Найзамен түртіп ашып ел түнегін.
Маңқыстау,
Шежірелі шерлерің көп,
Таңбалы, тарих тұнған жерлерің көп.
Еліне екіталай күн туғанда
Толқытып ту ұстаған ерлерің көп.
«Ар туын асқақ ұстап, бермегін!» деп,
«Құлашты құзар-шыңға сермегін!» деп;
Шетінен шейіт болған сол ерлердің
Есімін жаңғырту да – елге міндет.
Жарты әлем сыйып кеткен жаһан-дала,
Ең басты ерге қымбат – Отан ғана.
Баһадүр батырлардың басы болған
Шоқыдай шоң тұлғалы Шотан баба.
Айбар мен әруақ бар атында мың,
Басын бір имей өткен батырларың.
Сарқылмай, сайрап өткен сан додада
Аз емес айтқыш, тақтақ ақындарың.
Сайын-төс, салқар-омырау сағым-дала,
Тудырған талай дүлдүл шағыл-дала.
Алдына қара салмас аршыланым –
Ақпа жыр, айыр көмей Абыл баба.
Ұлына жаз-құшағын жайса дөңдер,
Мамық боп аялаған майса белдер.
Қайталап туа берген кең төсіңде
Қаймықпай, қамал бұзған қайсар ерлер.
Опасыз, оқтан бұғар осал ғана,
Атыңды жырға ұрпақ қосар, баба.
Азаттық аңсап өткен батырлардың
Ақырғы ту ұстары – Досан баба.
Жиылып жас пен кәрі, ұл-қызың да,
Ас өтті арлылықты туғызуға:
Мамырдың мамыражай қақ ортасы –
Он бес пен он алтыншы жұлдызында.
Басында екі күндей дүрілдетіп,
Баурайын Қаратөбе дірілдетіп;
Бағыштап бабалардың әруағына
Ас берді ұрпақтары дүбірлетіп.
Қашаннан қара жұртым – қастер еді,
Аталы ел, баталы жұрт ас береді.
Алғашқы Адай туын тіккен жері –
Қасиетті Қаратөбе-Мәстек еді.
Алланың тастай салған айнасындай
Қара жер жаралды екен қай ғасырда-ай?!
Шалқыған шалқар жонда күмбез көрем –
Шалдардың шаншып кеткен найзасындай.
Есті адам елеңдемей отыра ма,
Қойтастан соға салған қотыр ала;
Сол күмбез сонадайдан шақырады
Дегендей: «Тас-кітапты оқы, бала!».
Соңына түсіп алып шоқырақтың,
Түсінген-түйгенімді тоқып аппын.
Арабтың әліпбиін бұзып-жарып,
Қолымнан келгенінше қопыраттым.
Күмбезге көңілім ауды күнде менің,
Үйренгім келіп еді,
Үндемедің.
Білгенім – бір тоғызға жете алмай жүр,
Мың тоғыз – мына дүниеде білмегенім.
Дегендей: «Бала, әзірге жоқпын саған!»,
Қабағын қарс түйеді от құрсаған.
Күмбездер күңіреніп сөйлемеді,
Қадалып қара жебе-оқ қылшадан.
Осыған риза бол, о, шалдарым,
Жоқ затты жона алмайды – жоқ қылса адам.
Біреулер бір күмбезін соға алмай жүр,
Бабалар, жыр-күмбезін соқтым саған!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу