Өлеңдер ✍️

  25.07.2022
  217


Автор: Рахат Қосбармақ

ҮШ ЖАҚЫН

Екі жұтыр ағам бар –
Елді адастырған надандар.
Ақылдан, сірә, кембағал
Алды-артын ойлап, бағамдар.
Бірі – сақал, бірі – мұрт,
Бірі – мақау, бірі – қырт.
Жұртта қалған иесіз
Жұтыр иттей жүр ұлып.
Мансаптан өзге жоқ қайғы,
Мал-нәпсі қашан тоқтайды?!
«Абыз болам, - деп, - еліне»,
Аузына келгенді оттайды.
Таңқы судай қос шерменде,
Танымы тайыз, тар кеуде.
«Ұлтыма әке болам» деп,
Ұрығын шашқан әр жерге.
Даңқ-дақпырт деген – бір жорға,
Аяқ артса болды бір жолға;
Шалып жіберуден жүзі жанбас
Шал-кемпірді де бұл жолда.
Құдайын ұмытып туғаннан,
Қулық-сұмдықпен шыңдалған.
Атақтың бәрін ап болған,
Қанағаттан тек құр қалған.
Тағы екі жұтыр інім бар –
Таңдайы «қайқы», «білімдар».
Маңдайы тайқы мәнжубас,
Сәуелері жоқ бір ылғал.
Иранбақты аңсап мекені,
Ит болып үріп кетеді.
Жер бетіндегі ең соңғы
Ақындар сынды екеуі.
«Өздерінен басқа неме жоқ,
Жайықта жүзген кеме жоқ».
Шолталаң қағып, шортияр,
Төбеге шықса, төре боп.
«Сом теміріңе – балға бар,
Сомсынған жанға – Алла бар»
Екенін ұқпай екі қырт,
Екі ауыз жырын малданар.
«Мен! Мен!» деп, төсін ұрады,
Төс сынса, несін ұрады?!».
Төстері сынса бұл екеу,
Халықтың бәрін қырады.
Есерді қалай «сау» деймін?!
«Егіздік мұнда бар» деймін.
Жұтырлар өзі қос-қостан
Жұптасып жүреді-ау деймін.
Тағы екі «жынды» досым бар,
Жақынға оны қосыңдар.
Жан-дүниемізді түсініп,
Жарасқан көңіл-хошым бар.
Қазақтың о да баласы,
Қадірлі емес бағасы.
Қарапайым жандар болса да,
Қараңғы емес санасы.
Қара да емес, хан емес,
Қатардан озған дара емес.
Тіліне тікен шыққанмен,
Дінінен шыққан жан емес.
Абыройды ойлап қанша рет,
Ұятпен үйді қоршап ек.
Ойлаймын кейде:
«Осыдан
Ағалар үлгі алса» деп.
Жіберген жоқпыз біз есе,
Ағадан артық жүз есе;
Өнеге алып солардан,
Інілер бойын түзесе.
Ар-ұяты азып, тоналған,
Адамдар аз ба жоғалған?!
Атағы дардай айуандар
Алса екен үлгі солардан!
Нұқып көрсетер ноқайға,
Әркімге керек жеке айна.
Санасына Алла бермесе,
Сан айтсаң да, одан не пайда?!
Елдігін сақтап ақынның,
Ерлігін жаттап батырдың;
Ортасында үш жақынның
Осылай жүріп жатырмын.
«Жұтырлар» қанша десем де,
Жұмбағын ойдың шешем бе?!
Қайтемін енді, көнемін –
Өз қолымды өзім кесем бе?!
Құйса егер Құдай тың күштер,
Құлдық-сананы түйгіштер.
«Өмірдің өзі осымен
Қызық қой» дейді білгіштер.
Жақсы мен жаман алмасқан
Мәңгілік майдан жалғасқан.
Ғаламды қашан тазартар
«Ғазауат» деген алдаспан?!.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу