Өлеңдер ✍️

  25.07.2022
  94


Автор: Рахат Қосбармақ

ҚЫРЫҚ БІР ҚҰМАЛАҚ

Балгерден де басы айналып, шошымай,
Талай тағдыр талқан болды босына-ай!
Құмырсқадай құжынайтын құшнаштың
Қара жұртқа тіккен қара қосына-ай.
«Біссіміллә!
Құмалағым, ақ сөйле!»,
Біздің шалдар бастаушы еді осылай.
Бақсы-балгер басқан кезде гөй-гөйге,
Басы бар жұрт әулиеге сенбей ме?!
Құмалақ та шар тасындай шашырап,
Құдіреттің тілінде әлде сөйлей ме?!
Жиылатын ақ матаны айнала
Кілең бала қызық көріп кей-кейде.
Байғұс балгер бабаңды еске ап мұралы,
Болашаққа жоба-жоспар құрады.
Сырын бермей, сыбырласып өзді-өзі,
Ілкі сәтте іштей үнсіз тынады.
Қырқын шешкен балшыға да қырсығып,
Құлпын шешпей бір құмалақ тұрады.
Тура жолдан таяр болсаң тұра қап,
Қолыңа оңай қона қоймас, сірә, бақ.
Онсыз да өзі басы қатқан байғұстың
Ойын білмек болсақ кейде сыналап;
«Құпиясын бүгіп ішке тұр, - дейтін, -
Құдай атқыр қырық бірінші құмалақ».
Келешекті кең Құдай тек тербесін,
Құмалақшы кесіп-піше көрмесін.
Аңқау халық дәруішті пір тұтар,
Айтқандары айдай анық келгесін.
«Құмалақты, - дейді, - ашуға болмайды
Іңір түсіп, күн қызылы семгесін».
...Жалған-дүние арбаса да жанарын,
Жабатұғын жабырқау мұң қабағын;
Құмалағы түскір де дәл келмей ме,
Тағы бір рет сынайтұғын талабын.
Қара кемпір күбірлейді кей-кейде
Қамын ойлап қашықтағы баланың:
«Жеті тақ жерге түспес,
Жерге түссе де, ерге түспес»..
«Жар болып тек Жаббар Ием Жасаған,
Аман болғай алтын елің, босағаң!».
Ақ тілектің жолындағы анамыз
«Болсын, - дейтін, - бауырың бүтін, бас аман».
Тәубе қылып, таспиығын тартатын
Түскен кезде «Қоржын аумас қос аман».
Айта берсең, жүрегіңді жыр тербер,
Ақиқатты ауыр оймен бүркеңдер.
«Қос аманың» бас аманды білдірсе,
Екі жақты таразыдай бір теңгер.
Бір құмалақ қалып қойса артында,
«Сүйіншілеп тұр!» деуші еді үлкендер.
Күллі жұрттың көңілін кім бар табатын?!
Анам да сол өз әлінше салатын.
Бірдеңе егер бола қалса, жүгірер
Біздер үшін әулиедей болатын.
«Ашпас әліп» түсе қалса зәуімен,
Құмалақты қозғамастан жабатын.
Адамнан жоқ алабөтен қастасы,
Аллаға аян, өзіне аян басқасы.
Таза діннің жүрмегенмен жолында,
Тақуалау, жоқ бекерге шашпасы.
Арнап бізге ашса, ылғи түсетін
Айналайын «Бекет атам бес тасы».
Жүрегінен жұмбақ сырды саумалап,
Жолын ашып кеткен жанның мал қарап;
Алғы күннен бір жақсылық күтетін –
Алтын артқан керуендей арбалап.
«Құмалақтың басын, - дейді, - ауыртпаң!»,
Қайта-қайта «Ашшы» десек қаумалап...
Келіп тұрған істі кейде оңына,
Теріс оқыр тентек молда сорыңа.
Кім бар дейсің келешекті кең пішіп,
Құмалағын ұстап жүрген қолына?!
Құмалақты қарсы дейді діндарлар
Құдіретті Құдайдың да жолына.
Мен де қызық айтайын бір сіздерге:
Алла өзі ақ моншағын тізгенде –
«Қара қойдың қан-жыны мен боғын да
Қалдырмастан, қажетіңе жарат» деп,
Үйреткендей көшіп жүрген түзде елге.
Құмалағы дәл келетін анамыз
Құдайдан кем көрінбейтін біздерге.
Бұл не өзі?!
Өз алдына ілім бе?!
Салт-дәстүр ме суарылған білімге?!
Алла берген айрықша сый, кие ме,
Ашылатын жұмбағы бар түбінде?!
Құмалақтың құпиясын біле алмай,
Құмар-ақ тым пенде біткен бүгінде.
Сығыр-тағдыр пенделерін сынай ма –
Қиялменен қол создырар Күн-Айға.
Ділдә беріп, құмалақты аштырсаң,
Діндарлардың көңіліне ұнай ма?!.
...Қара кемпір,
Қайсысына сенейін –
Құмалаққа,
Әлде жалғыз Құдайға?!.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу