Өлеңдер ✍️

  25.07.2022
  101


Автор: Рахат Қосбармақ

БІЗДІҢ АУЫЛДЫҢ ШАЛДАРЫ

«Біздің ауылдың шалдары –
Шетінен текті, шешен кіл.
Кім сенеді
«Алдары –
Ақиқат соты» десем бір?!
Біздің ауылдың шалдары
Жағалай жалтақ боп алған.
Бас иесі жоқ балдары
Бағытсыз азып, тоналған.
Кешегі кемең-герлердің
Сарқыты да жоқ, сарқылған.
Еңсесін басып ерлердің
Арсыз қатындар артылған.
Отманға көміп жатырмыз
Озық ойларды отандық.
Ойран қып бүгін отырмыз,
Отанды қара қотан қып.
Жағымпаздықтан жан салмай,
Жатқа билеттің жұртымды.
Қайғысыз күнді қарсы алмай,
Қанға толтырдың ұртымды.
Түсініктерің неге өлді,
Түскен бір жандай талқы іске?!
Шалдарым, саған не болды,
Шатасатындай талтүсте?!

Көсемдер шықты к...і боқ,
Көкте де, жерде тумаған.
Уаһаби, жаһил сопы боп,
Ұрпақ санасын улаған.
Делқұлы қылып жібермек,
Дені сауларға ұсаған.
Шілханаларда шідерлеп,
Тұлпар-ойларды тұсаған.
Ел қамын жеген Едіге
Бола қалыпты, бой-бой-бой!
Адасқан аңқау еліне
Айтатындары – гөй-гөй-гөй!
«Отпан» деп жүрген Отанды
Ордалы жылан жайлаған.
Ата жау қылды атаңды,
Сенетін жан жоқ – айналаң.
Зомбилар қаптап жұртыңды,
Зорлықпен таптап ұлтыңды;
Көмеді күлге күлкіңді,
Бөледі жынға тұрқыңды.
Қиратып иман-мүлкіңді,
Шытынатады шырқыңды.
Құбыладан бұрып құлқыңды,
Сұмдыққа бастар түр-түрлі.
Тондарын теріс кигізген,
Топ бастағаныңды топырақ қып.
Арқарларыңды бас игізген,
Абыздарыңды ақымақ қып.
Күңіренген елді мөңіретіп,
Күтесің қандай жақсылық?!
Ержекеңдерді еңіретіп,
Зікір салдырған бақсы ғып.
Төбелесумен түн-күнді,
Төбеңнен таң да атыпты-ау.
Көрместен кеткен бұл күнді,
Төлесін шалдар бақытты-ау!
Бұ неғып жатыр – тірі болса,
Бөлшектелмеген бүтіндей?!
Бекеттің бары шын болса,
Бетіне неғып түкірмей?!
Көтеріп жүрген соларды
Көріңде өкіргір ел екен!
Шалдарым неткен шыдамды,
Қара жерім де кең екен!
Шалдарым, кілең төзімді,
Шамырқанбайтын шығарсың.
Ертеңгі күні өзіңді
Еліңнен қуса, ұғарсың!
Бірлікті әбден жойған соң,
Бір-біріне өтірік ес болар.
Отанды беріп қойған соң,
О кезде бірақ кеш болар.
Біздің шалдар – кіл батыл ғой,
Бір-біріне тек тор құрар.
Атеист, гурман, ақылгөй,
Арамсопысынған сорлылар!
Жау кеткеннен соң – батырсың,
Шайнаумен өткен бармағын.
Шалқайып неге жатырсың,
Шалқаңнан түскір шалдарым!?.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу