Өлеңдер ✍️

  25.07.2022
  228


Автор: Рахат Қосбармақ

ДҮНИЕ-ҒАЙЫП

Өкіндім кейде өлгім кеп,
«Өмірге неге келдім?!» деп.
«Өзі қып-қысқа ғұмырды
Өлеңге неге бердім?!» деп.
Дүние деген – қу арман,
Дүдәмал күйден құралған.
Қу арман қуып келемін
Бір шыға алмастан құмардан.
Алаң ғып әркез аз несіп,
Кеудемнен керуен-саз көшіп;
Қыз-ғұмыр,
Саған налыдым,
Қызықтан кейде баз кешіп.
Дүние деген – қу арман,
Сағымдай бейне сыланған.
Ұшығына бір жете алмай,
Боламын кейде жыларман.
Артынан білдім әрқалай,
Асылық екен, жалған-ай!
Желкенді әппақ қайықтай
Жеткізбей кеткен арман-ай!
Дүние деген – қу арман,
Шыңға да кейде шығарған.
Қу арман,
Саған сенбеймін,
Қылықты қыздай бұралған...
...Арманды қуған сапарда
Жар болғай өзің, бір Аллам!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу